«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақмола облысында Ashyq жобасына қатысушылар қоғамдық тамақтану нысандарының жұмыс режимін қайта қарауды сұрайды

2021 жылғы 16 Шілде
- Ақмола облысы
24273 просмотров

Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы алаңында қоғамдық тамақтану өкілдерімен кездесу өтті, оның барысында кәсіпкерлер үкіметке бизнес нысандарының жұмыс тәртібін қайта қарау туралы үндеу жасады.

Кәсіпкерлер карантиндік шектеулерді күшейту бойынша қабылданған шараларға наразылықтарын білдіруде, шектеу шеңберінде қоғамдық тамақтану нысандарының, соның ішінде Ashyq жобасына қатысатын фудкорттардың қызметі сағат 20.00-ге дейін, Ashyq жобасына қатыспайтын нысандар қызметі сағат 18.00-ге дейін шектелген.

 Үндеуді бастамалағандар – Ashyq жобасына белсенді қатысушылар, олардың көбі осы жобаның көшбасшылары. Бұдан бөлек, олардың кәсіпорындарында қызметкерлердің 100 пайызы вакцина салдарған.

 «Жұмыс уақытын 20:00-ге дейін шектеу, Ashyq жобасына қатыспайтын нысандарға 18:00-ге дейін шектеу салғаны түсініксіз. Мынадай қисынды сұрақ туындайды: шағын және орта бизнеске көмегі болмаса, үкімет мұндай жобаларды не үшін енгізеді, міне кезекті рет локдаун жарияланды. Біз не үшін вакцина салдырттық нәтижесі болмаса, қызметімізге шектеу салынса?

Пандемия басталғалы бері біз коронавирус инфекциясының таралуына қарсы тұруға және кәсіпорындар ұжымдарының деңгейінде, сондай-ақ жалпы үй тұрмысында аурулардың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шараларды жүргізіп жатырмыз.

Жұмыс істеу үшін, Ashyq жобасы енгізілгеннен бастап біз жоба алгоритмімен танысып, артықшылығын бағамдап, оны кәсіпорындарымызға іске қоса бастадық.  Сондай-ақ вакциналау науқанын да қолдап, ұжымдық иммунитет қажеттігін жақсы түсінеміз.

 Жоғарыда айтылған дәйектер негізінде өңір эпидахуал бойынша «қызыл» аймаққа түскенде Ashyq жобасымен жұмыс істеп жатқан нысандар қызметін шектемеуді және ұсыныстарымызды қарауды сұраймыз:

 - Ashyq жобасының көшбасшылары, сонымен қатар қызметкерлері жаппай вакцина салдырған кәсіпорындарға Ashyq жобасы шарттарымен қарастырылған, алдағы эпидемиологиялық аймақ шеңберінде жұмыс істеуге рұқсат беру – жұмыс уақытын ұзарту, сондай-ақ демалыс күндері нысандар толымдылығын арттыру;

- Ashyq көшбасшыларын мониторинг топ тексеруінен босату;

- кәсіпорынның адал кәсіп жолын, оның мемлекет және қоғам алдындағы әлеуметтік міндеттерін – салықты бюджетке дер кезінде аудару, жұмыс орындармен қамту әлеуетін есепке алу;

- нысанға келушілерді тіркеп, check-in жүргізгенде нысанның жүктеме бойынша жобалық қуаттылығын, сондай-ақ аумақтық ерекшелігін ескеру (қолданыстағы алгоритмге сәйкес, 1000-нан астам сһеск-in-ді қолданған нысандар Ashyq көшбасшылары саналады, бұл ретте бұл талап облыстық маңызы бар қалалар, тұтастай алғанда ірі елді мекендермен салыстырғанда ауылдар, аудан орталықтары үшін орындалмайтын меже);

- бонус ретінде Ashyq жобасына қатысушыларға санитарлық тазартуға кеткен уақытты негізгі жұмыс уақыты деп санап, жұмыс кезеңін ұзарту;

- жазғы алаңдар қызметінің маусымдық екенін ескеру, жұмыс уақытын 23:00-ге дейін ұзарту;

 Осы ретте біз Ashyq жобасының басқа қатысушыларына жұмыс істеу үшін жобаның талаптарын қатаң сақтап, міндеттерді уақтылы орындауға шақырамыз. Жұмылу арқылы ғана қазіргі жағдайды еңсереміз деген сенімдеміз», – деп жазылған үндеуде.

 Естеріңізге сала кетейік, 10 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ashyq бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтіп, осы жобаны қолданатын кәсіпкерлер үшін карантиндік шектеулер жағдайында жұмыс істеудің басым құқығы берілгенін атап өтті.

Бұл ретте ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша одан кейінгі шектеулер Мемлекет басшысының тапсырмаларына қайшы келеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер