«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қарағанды кәсіпкерлеріне өрт қауіпсіздігінің жаңа талаптары түсіндірілді

2026 жылғы 28 Қаңтар
- Қарағанды облысы
255 просмотров

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында жыл басынан бергі алғашқы кездесу өтіп, оған Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) өкілдері мен жеке кәсіпкерлік субъектілері қатысты. Кездесудің негізгі тақырыбы – өрт қауіпсіздігі талаптары және бақылау-қадағалау іс-шараларын жүргізу тәртібі болды.

Кездесу барысында «Өзіңді тексер – қауіпсіз бол» атты кең ауқымды профилактикалық акцияның басталғаны хабарланды. Аталған акция консультативтік сипатқа ие және бизнес өкілдеріне практикалық көмек көрсетуге бағытталған.

Қарағанды облысы ТЖД мемлекеттік өртке қарсы бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Күрмет Жүмекеновтің айтуынша, акцияның басты мақсаты – өрттердің алдын алу және кәсіпкерлерге қауіп-қатерлерді алдын ала анықтап, оларды жоюға көмектесу.

"Бұл акция кәсіпкерлерге, объектілердің басшылары мен меншік иелеріне кеңес беру және практикалық қолдау көрсетуге бағытталған", — деп атап өтті ТЖД басқармасының бас маманы Зарина Валиева.

Бизнес-қоғамдастықпен жедел өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында департаментте арнайы «жедел желі» іске қосылды. 21-57-40 нөмірі арқылы кәсіпкерлер жұмыс уақытында өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша кеңес ала алады.

Сондай-ақ, кездесуде тексерулер жүргізу тәртібі жан-жақты түсіндірілді. Заңнама талаптарына сәйкес, бақылау субъектісі тексеру басталғанға дейін 30 күнтізбелік күн бұрын хабарлануы тиіс. Тексеру нәтижесінде кәсіпкерге тексеру актісі, нұсқама және жедел ден қою шараларының актісі беріледі. Анықталған бұзушылықтарды жою үшін 60 күнтізбелік күн мерзім қарастырылған.

"Профилактикалық бақылау кезінде заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Алайда белгіленген мерзімде бұзушылықтар жойылмаған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылады", — деп түсіндірді департамент өкілдері.

Кәсіпкерлерге тексеру актілеріне қарсылық білдіру, сондай-ақ бақылаушы органдардың шешімдеріне жоғары тұрған инстанцияларға, прокуратура органдарына немесе сотқа шағымдану құқығы бар екені еске салынды.

Кездесудің жеке бөлімі өрт автоматикасы жүйелерінің жұмысына арналды. ТЖД маманы көрнекі презентация ұсынып, өрт автоматикасы жүйесін адам ағзасының жүйке жүйесімен салыстыра отырып, бөлме түріне байланысты өрт хабарлағыштарын дұрыс таңдаудың маңызын түсіндірді.

Кездесу барысында алаңдатарлық мәліметтер де айтылды. Соңғы бір апта ішінде Қарағанды облысында 42 өрт оқиғасы тіркелген, олардың басым бөлігі өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуынан болған. Мысал ретінде желдету жүйесіндегі майлы шөгінділердің тұтануынан шыққан «Рестабар Лондон» кафесіндегі өрт, сондай-ақ фастфуд дәмханаларының бірінде газ баллонының жарылуы салдарынан адам шығынына әкелген және қылмыстық іс қозғалған жағдайлар келтірілді.

"Әрбір өрттің салдары бар. Ең бастысы — өрт қауіпсіздігі талаптарын уақтылы сақтау", — деп атап өтті департамент өкілдері.

Кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап бере отырып, ТЖД өкілдері жалға алынған ғимараттарда өрт қауіпсіздігіне жауапкершілік жалдау шартында нақты айқындалуы тиіс екенін түсіндірді. Сонымен қатар, міндеттердің тараптар арасында бөлінуі нысан басшысын жауапкершіліктен босатпайтыны атап өтілді.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Азамат Даненбаевтың айтуынша, мұндай кездесулер кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігі талаптары мен бақылау тәртібін алдын ала түсінуге, төтенше жағдайлар қаупін төмендетуге және әкімшілік жауапкершіліктен сақтануға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында кәсіпкерлерге өртке қарсы талаптарды қатаң сақтауға және өрт қауіпсіздігі жүйелерінің жарамды күйде болуын тұрақты бақылауда ұстауға кеңес берілді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174