«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Техникалық құжаттарды сауатты рәсімдеу қажет

2016 жылғы 05 Желтоқсан
- Ақмола облысы
7131 просмотров

Мемлекеттік сатып алу кезіндегі техникалық сипаттамаларды рәсімдеуге қойылатын талаптарды Щучинск қаласында өткен семинар-жиналыс барысында Өңірлік палатаның сарапшылары түсіндірді

Семинарға облыстық Білім басқармасының, сол басқармаға қарайтын 63 мекеменің және басқа да бейінді ұйымдардың өкілдері қатысты. Айта кетерлігі, мемлекеттік сатып алуларға қатысатын мемлекеттік органдарға, білім беру мекемелеріне арналған түсіндіру жұмыстарын өткізу туралы бастаманы Палатаның сарапшылары көтерген еді. Аталған семинар-жиналыс отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі шаралардың аясында өткізілді.

Пікір алмасу облыстық Білім басқармасына ведомстволық бағынышты мекемелер сатып алатын тауарларға, нақырақ айтар болсақ, азық-түлік өнімдеріне, тұрмыстық химиялар мен арнайы киімдерге (мектеп формасы) техникалық сипаттамалар рәсімдеу ережелері төңірегінде өрбіді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, конкурс барысында қатысушылар бір тауарға көбінесе түрліше сипаттама қолданады.

«Мәселен, сары май. Бір жағдайда өндіруші тауардың толықтай, егжей-тегжейлі сипаттамасын көрсетуі мүмкін. Мұндай жағдайда оның құны да сипаттамасына сай болатындығы түсінікті. Алайда басқа қатысушы өз өнімін едәуір арзан бағамен ұсынады. Және майдың орнына ол өсімдік және жануарлар майының негізіндегі тағамдық өнім ұсынуы мүмкін», – дейді ӨКП Жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Дәуренбек Жүсіпов.

Салдарынан тапсырыс беруші құрамы жағынан сапасы төмендеу өнімді сатып алады. Көптеген тауар түрлері осылай сатылады. Семинар барысында Палата сарапшылары конкурстың әлеуетті қатысушыларына тауардың толық сипаттамасын көрсетуге, талаптар мен сипаттамаларды сауатты әрі егжей-тегжейлі құруға, ұсақ-түйекке дейін жазуға кеңес берді.

Дәуренбек Жүсіповтың айтуынша, бірдей тауарларды бірыңғай үлгіге келтіру сапасыз тауар жеткізушілердің алдын алып, жергілікті тауар өндірушілер үшін жаңа өткізу нарықтарын ашады.

Сонымен қатар, естеріңізге сала кетсек, 2012 жылдан бастап Тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің бірыңғай номенклатуралық анықтамалығы жұмыс істейді. Ол сатып алу процестерін жоспарлау, есепке алу және талдау кезінде қолданылатын жіктеуіш. Оны әзірлеушілердің айтуынша, аталған анықтамалықты жасау сатып алудың барлық жүйелері үшін бірыңғай база құруға және сәйкестендіруге мүмкіндік берді. Онда сатып алынатын тауарлар егжей-тегжейлі жіктелген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер