«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өндірісте оқытудың озық тұстары көп

2016 жылғы 29 Қараша
- Ақмола облысы
6591 просмотров

Степногорск қаласындағы №2 индустриалды-техникалық колледжде «Дуальды білім беру. Жұмыс орнында білім беруді дамытудың тәжірибесі мен келешегі» тақырыбында семинар өтті

Семинардың тақырыбы мен оны өткізу орны кездейсоқ таңдалған жоқ. Бұл білім ошағы Ақмола облысындағы колледждердің арасында дуальды білім беруді алғашқы болып енгізді. Әлеуметтік серіктесі «ЕПК-Степногорск» акционерлік қоғамымен бірлесіп, тұрақты білім беру жүйесі мен «токарьлық іс пен металл өңдеу», «өндірістегі электротехникалық құрылғылар» және тағы басқа жұмысшы мамандықтарын даярлау жүйесін қамтамасыз етті.

Семинар қатысушылары – өңірдегі 23 колледждің басшылары, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері бірнеше сағат бойы дуальды білім беру жүйесінің артықшылықтарын талқылады. Бұл білім жүйесін енгізуді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының  Степногорск қалалық филиалы қадағалайды. Филиал директоры Дүйсенбай Әбішевтің айтуынша, колледж бен екі әлеуметтік серіктес кәсіпорын арасында келісім жасалған. Олар: «ЕПК-Степногорск» АҚ және «Тау-кен құрал-жабдықтары зауыты» ЖШС. Сондай-ақ оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша кеңес беріп, көмек көрсетілген. Келісімдердің реестрі жүргізіледі, дуальды білім алған түлектердің кәсіби даярлығы бағаланады.

ӨКП директорының орынбасары Айжан Тажмиева №2 индустриалды-техникалық колледж бен «ЕПК-Степногорск» АҚ арасында дуальды білім беру жұмыстары аса тиімді жүргізілді деп бағалап отыр. Спикер дуальды білім берудің артқышылығы туралы айта келе, нақты мысалдармен осы білім беру жүйесін қолдану қажеттілігіне тоқталды, әсіресе, түлектер арасында кәсіптік бағдарлау мен жұмыспен қамту жұмыстарын жүргізген кезде бұл тәсіл өте ыңғайлы. 

Дуальды білім беру үш жақты келісімнің арқасында жүзеге асады, оған білім беру ордасы, кәсіпорын және оқушы керек. Тәжірибеде осындай білім беру жүйесі үш жаққа да аса пайдалы екендігін айғақтап келеді.

Кәсіпорын өзіне керекті мамандарды тапсырыспен даярлайды, яғни өзінің талабына сай келетін маман іздеуге кететін ресурс пен уақытты зая кетірмеді: оларды қайта оқытып әуре болмайды.  

Оқушы үшін дуальды білім алу – өзінің келешектегі мамандығын тәжірибе жүзінде толық меңгеруге, ұжыммен танысуға, тезірек жұмысқа тұруға, өзі білетін жерде жылдам жұмыс дағдысына үйренуге берілген тамаша мүмкіндік.

Дуальды оқыту колледждің техникалық білім беру деңгейін көтеріп, бәсекеге қабілетті түлектер оқытып, олардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуын қамтамасыз етеді.

№2 индустриалды-техникалық колледжде дуальды білім беру жүйесі бойынша оқыған барлық түлектер 2016 жылы әлеуметтік серіктес атанған кәсіпорынға жұмысқа тұрған.

Биылғы қараша айында бірінші курсқа түскен 40 оқушы дуальды жүйе бойынша білім алып жатыр. Олардың әрқайсысымен колледж және «ЕПК-Степногорск» АҚ дуальды білім беру туралы келісімге отырды.

«ЕПК-Степногорск» АҚ техникалық директорының орынбасары Андрей Щенников зауытқа дуальды білім беру жүйесіне қатысу өте тиімді деді, өйткені, зауыт жұмысшы мамандарға мұқтаж. Сондықтан олар кәсіпорында тағы жүз оқушыны оқытуға даяр екендіктерін білдірді.  

Семинар нәтижесі Степногорскідегі жүйеден үйренетін дүние көп екендігін көрсетті. Оның үстіне облыс бойынша дуальды білім беруге тағы 1000 оқушыны тарту жоспарланып отыр. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер