«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қарағанды облысында бизнеске 2026 жылы несиелер, кепілдіктер мен субсидиялар қалай жұмыс істейтіні түсіндірілді

2026 жылғы 20 Қаңтар
- Қарағанды облысы
1575 просмотров

Қарағанды облысының кәсіпкерлеріне 2026 жылы несиелерді, кепілдіктерді және субсидияларды қандай шарттармен ала алатыны жан-жақты түсіндірілді. Мемлекеттік қаржылық қолдау шаралары Палата кәсіпкерлері алаңында өткен кездесуде талқыланды. Іс-шараға «Даму» қоры, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

 «Даму» қорының өкілдерінің айтуынша, 2025 жылдан бастап қордың кепілдігі кері қайтарылмайтын (безотзывная) болып бекітілді. Бұл банктердің кәсіпкерлік жобаларға деген көзқарасын түбегейлі өзгертеді.

«Кепілдік мөлшері негізгі қарыз сомасының 85 пайызына дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайды. Бұл жеткілікті кепілі жоқ кәсіпкерлерге де несие алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар субсидиялау бағдарламалары аясында бизнес үшін түпкілікті пайыздық мөлшерлеме 12–13 пайызға дейін төмендейді, ал “Өрлеу” лизингтік бағдарламасы бойынша жабдықты 84 айға дейін, жеңілдікті кезеңмен сатып алуға болады», — деді Қарағанды облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры филиалының бағдарламаларды ілгерілету жөніндегі бас менеджері Куралай Абильдина.

Ол сондай-ақ «Даму» қорының құралдары инвестициялық жобаларға да, айналым қаражатын толықтыруға да қолданылатынын атап өтті. Қолдау шарасы әр кәсіпкер үшін жоба саласына, сомасына және қаржылық көрсеткіштеріне қарай жеке таңдалады.

Кездесу барысында кәсіпкерлер туризм саласына қатысты — қонақ үйлер мен қоғамдық тамақтану нысандарын қамтитын жобалар бойынша бағдарламалар тізбесін кеңейту мүмкіндігі жөнінде сұрақтар қойды.

Даму институттарының өкілдері егер жоба туризммен тікелей байланысты болса, ол қазірдің өзінде қолданыстағы субсидиялау бағдарламалары аясында қарастырылатынын, ал тізбені кеңейтуге қатысты ұсыныстар қосымша пысықталатынын түсіндірді.

Диалог барысында кәсіпкерлерге жалпы шарттармен шектелмей, жеке консультация алуға жүгіну ұсынылды.

«Әрбір бизнес-жоба бірегей. Тек егжей-тегжейлі талдау арқылы ғана тиімді құралды — несие, субсидия, кепілдік немесе лизингті дұрыс таңдауға болады», — деп атап өтті спикерлер.

Кездесудің қорытындысында Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Нариман Интықбаев сөз сөйлеп, мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану кезінде қаржылық тәртіп пен ашықтықты сақтаудың маңыздылығын еске салды.

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта әкімдіктер, мансап орталықтары және басқа да қолдау бағдарламаларының операторларының қатысуымен гранттық қаржыландыруға арналған жеке кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174