«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Туризм және креативті индустрия кеңесінің отырысы өтті

2024 жылғы 08 Қараша
- Шымкент қаласы
3331 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Туризм және креативті индустрия салалық кеңесінің отырысы ұйымдастырылды. Жиынға Палата директоры Сабира Адамбекова және кеңес мүшелері қатысты.

Сабира Адамбекова алдымен кеңес мүшелеріне Палатаның жұмысы туралы мәлімет беріп, 9 айда атқарылған нәтижелер туралы баяндады.

«Кәсіпкерлер палатасында 9 салалық кеңес құрылған. Қазіргі таңда олардың құрамы өзектендіріліп, жұмыстары жандандырылуда. Әр салалық кеңесте сол саланың проблемалары көтеріліп, жауапты мемлекеттік орган өкілдері шақырылады, мәселенің шешілу жолдары мен ұсыныстар талқыланады. Қажет болған жағдайда орталық немесе  жергілікті атқарушы органдар арқылы проблема көтеріледі. Енді бұрынғы Туризм салалық кеңесін Туризм және креативті индустрия салалық кеңесі деп қайта құрып отырмыз», – деді Сабира Адамбекова.

Палата басшылығының айтуынша, жалпы, әр салалық кеңестің кемінде тұрақты 13 мүшесі және қосымша сала өкілдері болуы керек. Жиында, сонымен қатар, салалық кеңес төрағасының орынбасарын сайлау мәселесі де көтерілді. Көпшіліктің даусымен салалық кеңес төрағасының орынбасары ретінде Жанна Елтанова сайланды.

Кеңес отырысында Шымкенттегі туризм және креативті индустрияның бірқатар мәселесі де көтерілді. Атап айтқанда кәсіпкерлер қалаға келген туристер аралайтын орындарды көбірек ұйымдастырудың, жергілікті қолөнершілердің бұйымдарын таныстыратын орындарды көптеп ашудың маңызына тоқталды. Сонымен қатар қонақ үй және мейрамхана саласының мамандарын дайындау, студенттердің іс-тәжірибеден өту мәселелері талқыланып, келесі жиындарда салалық оқу орындарының жетекшілері шақырылатын болып келісілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер