«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Халықаралық форумда Ақмола агроөндірушілері ұлттық өнімдерді ұсынды

2024 жылғы 21 Қазан
- Ақмола облысы
3674 просмотров

Туринде (Италия) 120 елден үш мың делегатты біріктірген «Terra Madre Salone del gusto 2024» халықаралық форумы өтті. Бұл шара 2004 жылы басталған әлемнің түкпір-түкпірінен келген «Slow Food» қозғалысының ізбасарларының конвенциясы. Форумға Қазақстан атынан өндірушілер делегациясы барды. Оған еліміздің түрлі өңірлерінен, соның ішінде Ақмола облысынан келген кәсіпкерлер мен фермерлер кірді.

Форумның басты мақсаты – әділеттілік, экологиялық жауапкершілік қағидаттары және АӨК жүргізудің дәстүрлі әдістерін қолдауға негізделген ауыл шаруашылығы, жергілікті азық-түлік жүйелері мен экологияны орнықты дамыту идеяларын ілгерілету. Бес күн ішінде фермерлер, мал өсірушілер, органикалық өнім өндірушілер тәжірибе алмасып, азық-түлік жүйесін жақсарту үшін инновациялар мен түрлі шешім жолдарын талқылады. «Slow Food» қозғалысының қатысушылары өнімді саналы түрде тұтыну және жергілікті дәстүрлерді сақтау арқылы әділетті және үйлесімді қоғам құруға ықпал етуге болады деп санайды.

Қазақстандық делегацияны фермер, «Жер-Ана Астана» ҚБ басшысы, Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы АӨК салалық кеңесі және Степногорск қаласының іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Гүлмайра Баймақова бастап барды. Форум барысында жерлестеріміз азық-түлік тәуелсіздігі мен азық-түлікке қолжетімділікті қамтамасыз етудегі фермерлік базарлардың рөлі туралы конференция өткізді. Гүлмайра Баймақова «Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы жер нарығы» презентациясын таныстырды. Жас ғалым, қазақ тағамдарын зерттеуші Әйгерім Мұсағажинова агроэкологиялық тәжірибелер, жабайы өсімдіктерді жинау және егін оруда қолданылатын «Slow Food» фермаларындағы жабайы табиғат туралы айтып берді. Айта кетейік, оның «Қазақ тағамдары. Дәмі. Дәстүрлер» атты еңбегі Полленцодағы гастрономиялық ғылымдар университетінің кітапхана қорына кірді.


Сондай-ақ, «Олжас» ШҚ (Степногорск қ., Ақмола облысы) өкілдері өткізген нан көрмесі ұйымдастырылды. Форумға келушілерге жаңа піскен бауырсақтар мен шелпектер, сондай-ақ қазақ десерт-жентінің дәмін тату ұсынылды. Сонымен қатар, көрмеде «Молочная фея» ЖК (Целиноград ауданы) ірімшіктері мен басқа да сүт өнімдері, сондай-ақ «Жоламан» ШҚ (Целиноград ауданы) ет деликатестері мен түрлі ысталған ет өнімдері ұсынылды. Сонымен қатар, қазақстандық ұлттық географиялық қоғам (Астана қ.) да өз өнімдерін ұсынды.

«Көрменің міндеті форум қатысушыларын ұлттық тағамдармен таныстырып қана қоймай, осының бәрін бірлескен күш-жігермен дайындаған қазақ халқының бірлігін көрсету болды. Келушілер көшпенділердің ұлттық тағамдарынан дәм татуға қуанышты болғаны анық. Жалпы, «Terra Madre»- ге қатысу біз үшін экологиялық таза әдістерді пайдалана отырып өндірілген бірегей өнімдерді көрсету мүмкіндігіне айналды. Бұл жайт өз кезегінде қазақстандық өнімнің имиджін нығайтуға және шетелдік әріптестердің назарын аударуға ықпал етеді», - деп атап өтті Гүлмайра Баймақова.


Айта кетейік, делегаттарға Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының Степногорск филиалы үлкен қолдау көрсетіп, олардың жүріп-тұруын үйлестіріп, көптеген ұйымдастырушылық мәселені шешті.

«Қазақстан айтарлықтай аграрлық әлеуетке ие және біздің ауыл шаруашылығы өндірушілерінің «Terra Madre» форумына қатысуы тұрақты ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші сарапшылармен тәжірибе алмасу және халықаралық байланыстар орнатумен қоса басқа да көптеген мүмкіндік берді. Азық-түлік тәуелсіздігі, шаруашылық жүргізудің экологиялық таза әдістері, климаттық өзгерістердің аграрлық өндіріс динамикасына әсері сияқты мәселелерді талқылау жаһандық сын-қатерлер жағдайында ел үшін үлкен маңызға ие», - деп атап өтті Өңірлік палата директоры Ерқанат Мұсылманбек.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер