«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақмола кәсіпкерлері заңсыз тексеруден қорғалды

2024 жылғы 08 Қазан
- Ақмола облысы
4189 просмотров

Өңірлік палатаға бизнес субъектілерінің мемлекеттік органдардың шамадан тыс бақылау қызметіне қатысты шағымдары әлі де түсіп жатыр.  ӨКП сарапшыларының көмегі арқылы бақылаушы органдар тарапынан кәсіпкерлерге қатысты заңсыз және негізсіз тағайындалған тексерулер жүргізуге қатысты мәселе шешімін тапты.

Мысалы, биыл Көкшетау қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары «Sun Day» дүкеніне барды. Сауда объектісінің иесі Сәдбек Ахмадиевтің айтуынша, шенеуніктер дүкенде сөрелерді қарап, тексеру жүргізген, сондай-ақ түсіндіруді талап еткен және кейбір құжаттарды алып қойған. Сол арқылы іс жүзінде жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшылары осы мәселе бойынша ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің облыстық департаментіне сауал жолдады. Ведомствоның жауабына сәйкес, «Sun Day» дүкеніне қатысты тексеру тағайындау туралы акт тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімінде тіркелмеген. Бұл дегеніміз, бизнес субъектісіне бару және мемлекеттік органнан сұратылған мәліметтер заңсыз жасалған. Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй бөлімі басшысына қатысты аталған бұзушылықтарға жол берген инспекцияға құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің департаменті әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс қозғау туралы қаулы шығарды. Шенеунікке айыппұл салынды.

Сонымен қатар, жыл басынан бері департамент тексеру тағайындау туралы 26 актіні тіркеуден бас тартты, оның 17-сі кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты.


«Өкінішке қарай, кәсібін адал жүргізіп отырған бизнес субъектілері әлі күнге дейін мемлекеттік органдар тарапынан негізсіз тексерулерге ұшырауда. Осыған байланысты бақылауды күшейту және мұндай фактілерге жол бермеу қажет. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің департаментіне тұрақты және тиімді ынтымақтастық үшін алғыс айтқым келеді. Айта кетейік, заңсыз тексерулерге қатысты мәселелер бірыңғай есеп беру күні барысында айтылды. Бұл шара кәсіпкерліктің түйткілді мәселелерін шешудің нәтижелі және алдын алу тетігіне айналды», - деді ӨКП директорының орынбасары Расул Сыздықов.


Кәсіпкерлер өз кезегінде бақылаушы органдардан тексеру нәтижелері туралы актілер мен нұсқамалар беруді талап етуге құқылы.


«Тексерулерді тағайындау туралы актілерді тіркеу қағидаларының 20 - тармағына сәйкес тексерілетін субъектіге тексеру және профилактикалық бақылау нәтижелері туралы акті, сондай-ақ тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі жүйесі қалыптастырған форма бойынша бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы тапсыру көзделген», - деп атап өтті өңірлік бизнес-омбудсмен.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер