«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы су тасқыны салдарынан зардап шеккен барлық бизнес субъектімен тікелей байланыста

2024 жылғы 17 Сәуір
- Ақмола облысы
10694 просмотров

Өңірлік палата жанынан су тасқыны на байланысты ТЖ салдарын жою жөнінде шаралар қабылдау үшін жедел штаб құрылды. Қазіргі кезде ӨКП сарапшылары су басқан кәсіпкерлердің мүлкіне келтірілген залалды және оның салдарын бағалау үшін деректер жинау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Қаззрігі кезде су тасқыны салдарынан зардап шеккен бизнес нысандар тізімінде 22 кәсіпорын бар. Көкшетау қаласында — 9 нысан, Атбасар ауданында – 8, Астрахан, Бұланды, Целиноград аудандарында – бір-бірден, Есіл ауданында – екі нысан тіркелген.

«Негізінен су тасқыны салдарынан зардап шеккен барлық кәсіпорын шағын бизнес санатына жатады. Бұл қызмет көрсету саласы, бөлшек сауда, жүк тасымалдау, нан-тоқаш өнімдерін өндіру, басқалары. Бір жеке білім беру мекемесі, туристік агенттік бар. Алты бизнес субъекті АӨК саласына жатады», - деді ӨКП директоры Ерқанат Мұсылманбек.


Айта кетейік, өңірлік палата басшысы Атбасар ауданында болып, аудандық бизнеспен жедел кеңес өткізді. Атап айтқанда, су басу нәтижесінде бизнес субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеу мәселелері талқыланды.


«Жақын арада Үкімет бизнеске келтірілген залалды өтеу қағидаларын бекітуді жоспарлап отыр. Әр облыста аймақтық комиссиялар құрылды. Олардың құрамына барлық мүдделі құрылымдық бөлімше кіреді. Өз тарапымыздан біз күн сайын «Атамекен» ҰКП орталық аппаратына ағымдағы жағдай туралы мәліметтерді жолдаймыз. Қазір сауалнаманы және мүлікке келтірілген залалдың алдын ала актілерін толтыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, су басқан кәсіпкерлердің нысандарын фотовидеофиксациялау жүзеге асырылуда», - деп атап өтті Ерқанат Мұсылманбек.


Айта кетейік, «2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР ҰЭМ бұйрығының жобасын талқылау аясында Өңірлік палата сарапшылары «Атамекен» ҰКП-ға өңірлік бизнестің шоғырландырылған пікірін ескере отырып, бірқатар ұсыныс жолдады.

«Атап айтқанда, бүгінгі күні цифрлық платформаның болмауына байланысты ҚР Үкіметінің 19.12.2014 ж. № 1358 қаулысында реттелгендей жергілікті атқарушы органдарға немесе материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия төрағасына өтініш беруді сақтауды ұсынамыз. Бірақ жұмыс органы жергілікті жерлерде кәсіпкерлік бөлімдерін бекітсін. Бұдан басқа, залал фактілерін облыстың аудандары мен қалалары бөлінісінде ТЖ жариялаумен байланыстырмау керек. Жасыратыны жоқ, бюджетке түсетін ауыртпалыққа байланысты жергілікті атқарушы орган әрдайым төтенше жағдай жариялай бермейді. ТЖ дврияланбаса – залал бойынша өтінім жоқ», - дейді ӨКП директорының орынбасары Расул Сыздықов.


Мемлекеттен келтірілген залалды өтеу бойынша субсидия туралы ұсыныстардан басқа, жобаға арнайы қорлар құру қажеттілігін енгізу ұсынылды. Сондай-ақ, алдағы көктемгі егіс жұмыстары мен егіс науқанына байланысты сұрақтар туындайды.

Расул Сыздықовтың айтуынша, бүгінде ҚР Үкіметінің 19.12.2014 жылғы № 1358 «табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (залалды) өтеу қағидаларын бекіту туралы» қаулысы тек жеке тұлғаларға келтірілген залалды өтеу жөніндегі қатынастарды реттейді.
ӨКП сарапшылары «2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР ҰЭМ бұйрығының жобасында бизнес үшін барынша жеңілдетілген алгоритм көзделуі тиіс деп санайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер