«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Рустам Жүрсінов: бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы дау-дамайларды шешу үшін үкіметтік арбитраж жүйесін енгізу қажет

2023 жылғы 16 Маусым
- Ақмола облысы
9973 просмотров

Бизнес омбудсменнің пікірінше, Ақмола облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты алаңында «Атамекеннің» арнайы кабинетін ұйымдастыру бірегей шешім болды. Рустам Жүрсінов өңірге жұмыс сапарымен барған кезде облыстық сот өкілдерімен кездесті, кездесу барысында тараптар әріптестіктің конструктивті мәселелерін талқылады.


Жылдың басында «Атамекен» кабинетін ашу Өңірлік палата мен жергіліктті соттардың, Ұлттық палата мен ҚР Жоғарғы сотының контруктивті әріптестігі арқасында мүмкін болды, бұл шара Жол картасы аясында іске асырылды. Бұл фактіні бизнес-омбудсмен де, облыстық соттың төрағасы Арман Жүкенов те атап өтті. 


«Шынымды айтсам, мұндай диалог алаңын бірінші рет көріп тұрмын, диалог алаңы сот аумағында орналасқан және мінсіз ұйымдастырылған. Бұл соттар мен «Атамекеннің» ынтымақтастығын көрсетеді. Бұл біздің сарапшыларымыз бен кәсіпкерлерге кез келген дауды сотқа дейін шешуге мүмкіндік береді», - деді Рустам Жүрсінов.

                                                                                                       

Арман Жүкенов бизнес-омбудсменге бірлескен жұмыстар туралы, өңірлік палатаның қатысуымен іске асырылып жатқан шаралар туралы айтып өтті. Сот деректері бойынша, ағымдағы жылдың басынан бері олар 1272 іс қаралып, 726 іс бойынша шешім шығарылған. Айта кету керек 78,4% жағдайда шешім бизнестің пайдасына шығарылыпты. Кәсіпкерлердің қатысуымен сотқа талап-арыз берілген негізгі санаттар — мемлекеттік сатып алулар, мәмлелерге қатысты мемлекеттік кірістер органдарының талап-арыздары, жер ресурстарын басқару департаменті және басқалар. Бизнестің қатысуымен 1224 істің 222-сі татуластыру рәсімдері барысында шешілген.


Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мәліметі бойынша, кәсіпкерлермен жасалған жерді пайдалану шарттарын бұзу туралы Жер ресурстарын басқару департаментінен түсетін талап-арыздар саны төмендеген жоқ. Кәсіпкерлердің орасан зор инвестицияларына, олардың жер учаскелерін толық игеруіне, барлық инфрақұрылым жүйесін тартқанына қарамастан, осындай жағдай орын алып отыр. Соттар мұндай талаптарды қанағаттандырған кезде жазаланатын да кәсіпкер, зиян шегетін де кәсіпкер болады. Заңнаманы бұзғаны үшін кінәлі жергілікті атқарушы органдар мен олардың қызметкерлеріне қатысты тәртіптік жаза ғана қолданылады.


«Тәжірибе көрсеткендей, Жер ресурстарын басқару департаментінің талап-арыздарын қанағаттандырудан бас тарту үшін құқықтық негіздерді кеңейту мақсатында инвестициялық бизнес-жобалардың тізбесін кеңейту қажет. Яғни, заңнамаға өзгерістер енгізу қажет», - деп атап өтті Арман Жүкенов.

                                                                                                    

Өз кезегінде Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл сот аудитінің стандартын әзірлеу және енгізу қажеттігін, сондай-ақ сот сараптамасының сапасы өте маңызды екенін атап өтті.


«Сот аудиті нәтижесінің бейтараптығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында төлемді Қаржы министрлігі ғана жасауы тиіс. Біздің елімізде әлемнің дамыған елдерінде жоқ тәжірибе бар, бізде мемлекеттік органдар бір-бірінің іс-әрекеттері мен шешімдеріне қарсы шығып, бір-бірін сот дауына тартады. Мысалы, жергілікті жер ресурстарын басқару органдары жер қатынастары бөлімдері жасаған мәмілелерге  қатысты үнемі наразылық білдіреді. Мемлекеттік органдар арасындағы дау-дамайларды шешу үшін үкіметтік арбитраж жүйесін енгізу қажет», - деген пікірде Рустам Жүрсінов.


Бизнес-омбудсмен кәсіпкерлік субъектілері қатысатын сот дауларына дербес талаптарды мәлімдемейтін үшінші тарап ретінде Ұлттық палата сарапшыларын немесе даудың мәніне тәуелсіз пікір білдіруге дайын тәуелсіз сарапшыларды тартуды ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер