«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шымкенттік кәсіпкерлерге «қызыл жолақтар» кедергі

2021 жылғы 09 Қараша
- Шымкент қаласы
13034 просмотров

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қала құрылысы жобалары, егжей-тегжей жоспарлау жобаларын бекіту және «қызыл жолақтарды» белгілеуге қатысты проблемалық мәселелер тағы да талқыға салынды.

Бұл мәселелер Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының алаңында жылына бірнеше рет қаралып отырса да, палатаға әлі күнге дейін жер қатынастары саласына қатысты шағымдар келіп түсуде. Мәселелер ішінде ең жиі кездесетіні – мемлекеттік органдардың жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тартуы, сондай-ақ жерді мемлекет мұқтажына алу кезінде туындайтын проблемалар.

 Жеке кәсіпкер  Жомарт Бөкенбаев өзінің меншік учаскесінде  2008 жылы ТЖО, көлік жуу, кафесі бар кешен салды. Құрылыс жұмыстары жер учаскесінің нысаналы мақсатына сәйкес жүргізілді. Сол жылдары жер учаскесі ОҚО Сайрам ауданына тиесілі болып, егжей-тегжей жоспарлау жобалары бойынша «қызыл жолаққа» жатпаған болған. Өйткені тасжол мен ғимарат арасында 12 метр арақашықтық сақталған еді. Өткен қыста кәсіпкер көрсетілген учаскенің нысаналы мақсатын ғимараттар мен құрылыстарға қызмет көрсету үшін өзгерту туралы өтініш берді. Алайда Шымкент қаласының шекарасы өзгергеннен кейін кәсіпкер учаскесі қала аумағына өтіп, енді автожолдың кеңеюіне байланысты ол «қызыл жолаққа» ілікті. Тура осындай жағдайға жеке кәсіпкер Аманбала Нұрымбетова да тап болған. Кәсіпкер бизнес-объектісінің нысаналы мақсаты «сауда орталығын жобалау және салуға арналған» деп жазылған.

 Осы жылдың мамаырында кәсіпкер жердің нысаналы мақсатын «медицина орталығы және дәріхана» нысанына өзгерту туралы өтініш берді. Бірақ өтініші кері қайтарылды. Кәсіпкерге оның объектісі аумағында егжей-тегжей жоспарлау жобасында бекітіліп қойған  көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүреді деп түсіндірген. Бұдан бөлек, объектінің бір бөлігі «қызыл жолаққа» түсіп тұр.

 «Кәсіпкер жылдар бойы егжей-тегжей жоспарлау жобасын күтуге мәжбүр. Осы аралықта учаскені пайдалана алмайды. Демек, бизнесі тоқтап тұрады. Бұған қоса қаладағы көптеген нысан «қызыл жолақ» түскенге дейін салынған, енді кәсіпкерлік нысандары рұқсат етілмеген аймаққа еріксіз түсіп қалды», – деп атап өтті Кеңес төрағасы Мелес Сейітжанов.

Мұндай мәселені кезекті кәсіпкер Бауыржан Танкеев те көтерді. Оның жер учаскесі үш жыл бұрын балабақша салынады деп  мемлекеттік қажеттілікке тартып алынды. Содан бері үш жыл өті. Жер сол қалпы игерілмей жатыр, бизнеске сәйкес өтемақы төленбеді. Биыл қазанда, үш жылдан кейін, кәсіпкерден жер учаскесін мемлекет қажеті үшін алып қоюға байланысты оны сатып алу туралы шартқа қол қоюды сұрады, онда соманы өтеу мерзімі 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін көрсетілген.

«Әрине, жер учаскесінің бағасы қазіргі нарықтық бағаға сәйкес келмейді, өйткені 3 жыл ішінде жер бағасы өсті. Сондықтан мен бұл шартқа қол қоюдан бас тарттым», – деп түсіндірді кәсіпкер.

 Жиында тағы бір өтінім қаралды – жеке кәсіпкер Гүлдархан Тілеулесованың гүл павильонына арналған жерін №8 гимназияға қосымша корпус салу мақсатында мемлекетке қайтарып алынған. Кәсіпкерлік объектіде айырбастау пункті, гүл базары, дәріханалар мен кафелерде жұмыс істейтін 50 адам бар. Олар да табыссыз қалғалы тұр. Кәсіпкер жерді осылай тартып алу негізсіз деп санайды.

 «ҚР Жер кодексінің 84-бабына сәйкес, жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін ерекше жағдайларда ғана мәжбүрлеп иеліктен шығарылуы мүмкін (белгіленген тізбе бар). Мектеп құрылысы ерекше жағдайға жатпайды», – дейді Мелес Сейітжанов.

Бұл мәселелердің жүйелілігін ескере отырып, Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы орталық мемлекеттік органдарға және салалық министрліктерге жер заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар жібереді, ал жер учаскелерін алып қою мәселелері бойынша материалдарды мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін қала прокуратурасына жолданады.

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер