«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шымкенттік кәсіпкерлерді қандай проблемалар толғандырады?

2022 жылғы 16 Қараша
- Шымкент қаласы
11651 просмотров

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Шымкент қаласына сапары аясында жеке қабылдау өткізіп, жергілікті бизнестің проблемалық мәселелерін қарады.

«Қазақбитум» ЖШС-нің бас директоры Ержан Бейсебаев Шымкентте локомотивтердің жетіспеушілік проблемасын көтерді, бұл өңір экономикасының дамуына кері әсерін тигізуде.

«Біздің компания Ресейден гудрон әкеледі. Ресей шекарасынан Шымкентке дейін битум шикізаты бар вагондар 3-4 күн жол жүреді, ал Шымкент станциясынан Тоғыз станциясына дейін кем дегенде 5 күн жүреді, кейде тіпті одан да көп уақыт кетеді! Теміржолшылардың айтуынша, оларда бүкіл өңірде бір ғана локомотив бар және оның өзін өзге қажеттіліктер болса, бірден алып қояды. Осыған байланысты бізде зауыт жиі тоқтап тұрады, ал жаңадан іске қосу үшін тағы 2-3 күн қажет. Қала қажетті битум көлемін ала алмайды, соның салдарынан өңірде оның тапшылығы пайда болды. «Қазақстан Темір Жолымен» Шымкенттегі локомотив тартымын қамтамасыз ету бойынша мәселені шешуді сұраймыз», - деді кәсіпкер.

Бизнес-омбудсмен Шымкенттен ҚТЖ жұмысына, атап айтқанда, локомотивтердің жоқтығына, вагон ағындарының дұрыс бағытталмауына, астық тасығыштардың жетіспеушілігіне және т.б. шағымдар көп түсетінін атап өтті. Жалпы елде тауарды тасымалдау жылдамдығы алты есе төмендеді, бұл экономиканың дамуына кері әсерін тигізеді.

«Бұл жергілікті деңгейде шешілмейтін үлкен жүйелік мәселе. Келесі аптада біз осы мәселе бойынша ҚТЖ басшылығымен кездесуді жоспарлап отырмыз, кездесуге монополияға қарсы агенттікті, Индустрия және сауда министрлігін шақырамыз. Қандай шешімге келгеніміз туралы бизнесмендерге жеке есеп береміз», - деп атап өтті бизнес-омбудсмен.

«Шымкентмай» АҚ және «Шымкентмай-Доня» ЖШС кәсіпкерлерінің пікірінше, Қосылған құн салығының асып кетуін қайтару ережелері Қазақстанның экспорттық кәсіпорындарын ынталандырудың маңызды бастамасына қайшы келеді. Өзгерістер 2022 жылдың 11 сәуірінен бастап қолданысқа енгізілді. Жаңа ережелерге сәйкес, енді тексеру барысында өзара байланысты тараптар арқылы жеткізушілермен өзара есеп айырысуларға талдау жүргізілетін болады. Кәсіпкерлер мемлекет тауарлардың отандық өндірісін дамытуды ынталандыру үшін қолайлы жағдайлар жасаудың орнына кезекті әкімшілік кедергі жасады деген пікірде. Сонымен қатар, Ережелердегі жаңалықтар ҚҚС асып кеткен соманы қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдануға құқығы бар салық төлеушілерге ғана қатысты болуы керек еді.

«Ережеге енгізілген бұл өзгерістер экспорттық әлеуетті қысқарту сияқты жағымсыз факторларды тудырады. Нәтижесінде валюталық түсім қысқарады, шикізатты қайта өңдеу көлемі азаяды және тиісінше отандық нарықтың әлеуметтік маңызы бар тауармен қамтамасыз етілуі нашарлайды», - дейді кәсіпкерлер.

Бизнес-омбудсмен Астанаға оралғаннан кейін Қосылған құн салығының асып кетуін қайтару ережесіне өзгерістер енгізу мәселесін пысықтай бастайтынын атап өтті. 

Еліміздегі жалғыз бірегей «Шымкент кашемир» жүн өңдеу кәсіпорнының директоры Санат Шағанбекұлы 2023 жылдың 1 мамырынан бастап жүн экспортына кедендік баж салығы қайтадан енгізілетінін айтты.

«2021 жылы ҰКП арқасында Қазақстанда жүнге 10 пайыздық экспорттық баж салығын алып тастаған еді.  Бұған дейін бұл мәселе ҰКП-ның, мемлекеттік органдардың, қауымдастықтардың қатысуымен түрлі алаңдарда талқыланған болатын. Нәтижесінде 2 жылға экспорттық баждың жойылуына қол жеткізілді, яғни 2023 жылдың 30 сәуіріне дейін, оның өзінде Қазақстанда жуылған жүнімізді қабылдайтын жаңа кәсіпорындар іске қосылған жағдайда. Алайда, бүгінгі күні жағдай өзгерген жоқ, жаңа зауыттар іске қосылмады, ел ішінде сұраныс жоқ. Біздің өнімдеріміз тек шетелде ғана сұранысқа ие», - деп атап өтті кәсіпкер.

Осыған байланысты кәсіпкер жүнді тұтынатын жаңа өндірістер құрылғанға дейін жүнге экспорттық бажды тұрақты негізде жоюды сұрайды.

«Мен бүгін Сіздің мәселеңіз бойынша баж салығына жауапты сауда вице-министрімен және индустрия министрімен байланысамын. Біз Үкіметке шығамыз. Менің ойымша, 30 сәуірге дейін үлгеруге тиіспіз», - деді бизнес-омбудсмен.

«Алина» шаруа қожалығы балық өнімдеріне еурономер алу жөнінде жүгінді. Балық өнімдерін Еуропалық Одақ елдеріне экспорттау үшін кәсіпорын Еуропалық Одақтың тізілімінде тұруы керек.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда кәсіпорынның еуропалық стандарттарға сәйкестігі туралы еурокод беретін орган жоқ. Бұған дейін оны ветеринарлық бақылау және қадағалау органдары берген. Бірақ бірнеше жылдан бері еурокодтарды беру тоқтатылды. Ресейде орын алып жатқан жағдайға байланысты Еуропалық кәсіпорындар бізбен тікелей байланысып жатыр. Ал біз еурокодсыз экспорттай алмаймыз», - деп шағымданды кәсіпкерлер.

Рустам Жүрсінов бұл халықаралық-құқықтық сипаттағы өте күрделі мәселе екенін және бұл проблеманы шешуді тездету үшін Сыртқы істер министрлігіне жүгінетінін атап өтті.

Шымкент ӨКП Өңірлік кеңесінің мүшесі Тахирбек Нышанбаев жанармай құю станцияларына салық салу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, ЖЖМ сатумен айналысатын Шымкент кәсіпкерлерін салық органдары тексеруі әбден мүмкін. Мұның себебі - ҚР Энергетика министрлігі қабылдаған соңғы құқықтық актілердің әртүрлі оқылуы. АЖҚС иелері бүгін аталған ведомствоның бұйрығы шыққаннан кейін салық органдарына есептілікті қалай тапсыру керек деп бас қатыруда.

«Энергетика министрінің бұйрығымен дизель отынының шекті бағасы белгіленді. Бұл ретте АЖҚС-ға одан әрі салық салу мәселесі туындайды, есептілікті тапсыру кезінде есепке алуды жүргізуде түсініксіздіктер бар. Кәсіпкер дизель отынын сату бағасы бойынша дәлелді базаны қалай ұсынады?» - дейді кәсіпкер. Ол қазіргі жағдай болашақта бизнес субъектілерін тексерулерге, оларды бақылаушы органдар тарапынан негізсіз қудалауға себеп болуы мүмкін екеніне сенімді.

Мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша Рустам Жүрсінов прокурорлық ден қоюдың тиісті актілерін дайындау үшін кездесу барысында бірден прокуратура органдарына хабарласты: бұл мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдарға қатысты жекелеген тексерулерді тағайындау. 

Сонымен қатар, қабылдау кезінде кәсіпкерлер субсидияларға, контрабандаға салық салу және ішкі нарықты қорғау үшін демпингке қарсы айналы шаралардың қажеттілігі туралы мәселелерді көтерді.

«Бүгін көтерілген проблемалар өте сапалы, өте маңызды. Мәселелердің басым көпшілігі республикалық сипатта. Мәселелердің бір бөлігін қабылдау кезінде бірден шешуге тырыстық, бір бөлігін Астанаға оралғаннан кейін тиісті ведомстволармен пысықтаймыз», - деп атап өтті бизнес-омбудсмен.         

 

     


Еншілес ұйымдар

Серіктестер