«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

МАҢҒЫСТАУЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР: «АТАМЕКЕН» ҰКП VII СЪЕЗІНДЕ МАҢЫЗДЫ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАНДЫ

2020 жылғы 29 Қазан
- Маңғыстау облысы
5009 просмотров

Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII Съезіне Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов пен маңғыстаулық кәсіпкерлер де онлайн режимде қатысты. Шарада көтерілген бірқатар мәселелердің өңір кәсіпкерлері үшін де маңызы зор екені белгілі.

Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен басталды.  

«Соңғы бес жыл ішінде шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 24 пайыздан 32 пайызға артты. Кәсіпкерлік саласында еңбек ететін азаматтардың саны 21  пайызға, яғни 2,8  миллионнан 3,4  миллионға дейін өсті. Қазір жұмыспен қамтылғандардың 40 пайызға жуығы шағын және орта бизнесте еңбек етеді. Бұған мемлекет пен бизнесті байланыстырып отырған Ұлттық палатаның сіңірген еңбегі мол. Менің тапсырмам бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін «бизнеске адалдық презумпциясы» қағидаты заң жүзінде бекітілді. Бұл барша даулы және түсініксіз мәселелерді кәсіпкерлердің пайдасына шешуге мүмкіндік береді. Аталған заң шығарудағы өзгерістер тиісті сот тәжірибесінде қолдау табатынына сенемін. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап менің Жарлығыма сәйкес шағын және орта бизнесті үш жылға дейін тексеруден босату туралы мораторий күшіне енді. Нәтижесінде мұндай субъектілерді тексеру көлемі 8 есе қысқарды, – деп атап өтті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен «Атамекен» ҰКП-ның үйлесімді жұмысы еліміздегі бизнес ахуалға оң әсер етіп отырғанын да атап өтті.

 «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев пандемия кезеңінде отандық кәсіпкерлер тап болған негізгі проблемаларды атады.

«2020 жыл пандемия әсер етуімен өтті. Біз жүргізген сауалнамалардың деректері бойынша пандемия елдегі 1 млн кәсіпкерге әсерін тигізген. Көлік, сауда салалары анағұрлым зардап шеккен, ондағы айналымның қысқаруы 10-17 пайызды құраған. Шамамен 1,6 млн қызметкер ақысыз демалысқа жіберілген. Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқан қолдау шараларының кешенді пакеті індет салдарын біршама жұмсартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде 15 мыңнан астам кәсіпкер несие төлемдері бойынша шегерім алды. Қолдау шараларының пакеті Үкіметтің орын алған ситуацияға жедел әрекет етуі болды. «Атамекен» мемлекет органдарымен бірлесіп, н төтенше жағдай режим жарияланғаннан бастап бүгінгі күнге дейін күн сайы жағдайға мониторинг жүргізіп отырды», – деді «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев.

Еске салсақ, «Атамекен» күрделі ахуалдың алғашқы күнінен бастап өңірлер, салалар мен секторларда нақты ситуацияны анықтау мақсатында кәсіпкерлер арасында сауалнамалар жүргізді. Сауалнамалар барысында жиналған барлық деректер Үкіметке жіберіліп, ел кәсіпкерлерін қолдау шараларының негізіне алынды.

 «Кәсіпкерлікке мемлекет басшысы да мән берді. Кәсіпкерлікке 8 бағыт бойынша қолдау болып, жұмыстар жасалынады. Атап айтар болсақ, салықты азайту кәсіпкерліктегі үлкен мәселе деп ойлаймын. Қазір салық жөнінен 32,5% жүктеме бар. Соны 20% дейін түсіру керек деген ұсыныстар болды. Бұл көлеңкеде жүрген бизнестің жарыққа шығуына, пандемиядан зардап шеккен бизнестің жұмысын жеңілдетуге жақсы үрдіс. Енді бизнесті жүргізудің жаңа механизмдері жасақталатын болады. Талдаптар, лицензиялар басқа да нормаларды озық әлемдік тәжірибемен жасағалы отыр.Бұл Эстония, Грузия, Шығыс Еуропа елдеріндегі механизмдерді қолданады. Біздің өңірімізге қатысты екі бағыт айтылды деп есептеймін. Бірі, агробизнесті дамыту, екіншісі, импортты алмасыту, экспорттық өнімдерді сыртқа шығару. Себебі бізде мұнай саласы жақсы дамыған. Импорт үлесі үлкен. Сондықтан да сырттан алынып жатқан тауарларды өз жерімізде шығаратын болсақ, жаңа жұмыс орындары ашылады, қаржы өз өңірімізде қалады және салық түсімі көбейеді деп есептейміз. Тағы бір айта кететін жайт, «Атамекен» ҰКП цифрлық экожұйені құрып жатыр бизнесті оңтайландыру бағытына байланысты. Бұл жұмыстар да өз нәтижесін береді деп ойлаймын»,- дейді Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Еділ Жаңбыршин.

Ал, Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі, МО іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова: «Бұл съезде ең басты айырмашылық бар, оған ел Президенті қатысты. Ол өте маңызды мәселелерді көтерді. Бұл бизнеспен ашық және шынайы пікірлесу болды. Мемлекет басшысының үндеуінен мемлекет бизнесті толық қолдайтынын естідім. Бизнес мәселелері туралы барлығын біледі. Қаншама кәсіпкер зардап шекті. Қаншаша бизнес субъектілері жабылды. Сондықтан да жаңа жоспарлар белгіленді. Кәсіпкер ретінде мен үшін бизнеске салық жүктемесін 32,5% - дан 20% - ға дейін төмендету мәселелері қаралатыны маңызды мәлімдеме болды. Бұл біздің қызметімізді айтарлықтай жеңілдетеді. Бұл көлеңкелі бизнесті ашуға ынталандырады», - деді.

 Дағдарысқа қарсы шаралардан басқа «Атамекен» басшысы бүгінде Ұлттық палата өз алдына қойған ұзақ мерзімді міндеттері, соның ішінде 860 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісін немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің жалпы санының 65%-ын қамтығанреттеу жүйесін «таза парақтан» енгізуге қатысатынын айтты. Сонымен қатар Ұлттық палатада міндеті жұмыспен қамтылуды тіркеу және көлеңкелі экономиканы төмендету болып саналатын жаңа Салық кодексін әзірлеуге қатысты ұсыныстары бар. Бизнесті несиелеу және өңірлерде кәсіпкерлерді қолдау мәселесі жекелей көтерілді.

 «Мемлекет басшысының «Бизнеске арналған үкіметті» іске асыруға қатысты тапсырмасын орындау мақсатында бизнестің цифрлық экожүйесін құру бойынша жұмысты жалғастырудамыз, онда кәсіпкерлер онлайн-форматта қызметтер кешенін қолданып,өтінімдер жіберіп, кері байланыс ала алады», – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.

 Кездесу соңында ҚР Үкіметі және ҚР ҰКП арасында өзара әрекеттесу туралы келісімге қосымша келісім жасалды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер