Ақмола облысында «Бастау» жобасы басталды
Бүгін Ақмола облысының барлық ауданында дерлік «Бастау» жобасы басталды. 11-12 наурыз күндері өткен тестілеу қорытындысы бойынша оқытудың бірінші легіне шамамен 600 адам қатысады
Биыл Ақмола облысы бойынша 18 елдімекен, Степногорск қаласын қосқанда (Егіндікөл ауданынан басқа) оқуға 1270 адам қатыспақ. Бұл жоба моноқалада алғаш рет жүзеге асуда, бірігей жобаның осы жерде өтуіне жергілікті тұрғындар қолқа салған.
2018 жылы «Бастау» жобасына 2072 адам қатысты, бизнес-жоспарларын 1496 адам қорғады (72%), ал 579 адам жобаларын жүзеге асыра алды (41%). Соның ішінде жұмыссыз халықтың 80%-ы бизнестегі өз орнын тапты. Қалғаны – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Оқуда гендерлік теңдік сақталғаны қызық, 252 әйел (43,6%) жоба арқылы бизнес бастады. Қалған бөлікті ер азаматтар құрады – 327 адам (56,4%). Бағдарламаға жастар да белсенді қатысуда. Осылайша былтыр 96 жас (16,5 %) өз идеяларын жүзеге асыра алды.
«Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері бизнес негіздерін оқыту, бағдарламалар шарттары мен критерийлерін түсіндіруден бастап, қарыз алушының құжаттар пакетін әзірлеу, оны қаржы институтына тапсыруға дейін жобаларды сүйемелдеу бойынша белсенді жұмысты атқарып отыр. Жоба өңір тұрғындарына жеке бизнес-идеяларды жүзеге асыру, өндіріс ашу, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша бірегей мүмкіндік беріп отыр», – деді ӨКП Кәсіпкерлерді қаржылай емес қолдау бөлімінің сарапшысы Анар Саниева.
Естеріңізге салсақ, 2017 жылы «Атамекен» ҚР ҰКП бірегей бастама – «Бастау» жобасын қолға алды. Жоба Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты бойынша жүзеге асуда. Жоба мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтарды кәсіпкерлік қызметке тарту арқылы халықтың экономикалық белсенділігін арттыру.
Оқуға ауыл, аудан орталығы, қалалар мен моно қалалардың тұрғындары, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, сонымен қатар бизнесін кеңейткісі келетін кәсіпкерлер қатыса алады (қолданыстағы бизнестің тіркелген мерзімі 3 жылдан аспауы тиіс).
Пікір қалдыру:
Пікірлер: