«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлік саланың асқақ рухы

2016 жылғы 23 Желтоқсан
- Ақмола облысы
8861 просмотров

Тәуелсіз Қазақстанмен түйдей құрдас «Феникс ЛТД» ЖШС елмен бірге тоқырау кезеңнің барлық қиындықтарын көрді. Кәсіпорын өндірісті ұйымдастырудың қиындықтары, экономиканың құлдырауы, нөлдік деңгейдегі табыс көрсеткіші сынды санқилы ауыртпалықтарды басынан өткерді

«Алайда мұндай қиындықтардың бәрі біздің жігерімізді жасытпады. 1991 жылы біз Степногорск қаласының Бестөбе ауылы аумағында «Феникс ЛТД» шағын кәсіпорны ретінде тіркелдік. Ол кезде кәсіпорын жұмысын ұйымдастыру ісінің басы-қасында небәрі төрт-ақ адам болған еді», – дейді «Феникс ЛТД» ЖШС директоры Фаиль Машиков.

Алғашқы жылдары кәсіпорын сату-сатып алу қызметімен айналысыпты. 1992 жылы сауда орындарына қатысты өткен алғашқы аукциондардың бірінде, қарқынды бәсекелестіктің нәтижесінде, «Феникс ЛТД» шағын кәсіпорны өзінің жеке өндіріс орнын ашады. Осылайша, «Пиццерия» деген атауы бар сауда нысаны сол кездері нан-тоқаш өнімдерінің бар-жоғы екі-ақ түрін шығарған.  Десе де аз ғана уақыттың ішінде, жас әрі ынта-жігері күшті ұжым өнім мәзірін 60-қа жуық нан-тоқаш өнімдерімен толықтырады. Олардың дені мектептерге, ауруханалар мен қалалық дүкендерге, жақын маңдағы ауылдарға жеткізіліп тұрды.

Арада біршама уақыт өткен соң кәсіпорын тағы бір нысан – бұрынғы зауыттан қалған 9 қабатты жатақхана мен қосалқы ғимаратқа қол жеткізеді. Кәсіпорын коммерциялық несие рәсімдеп, аталған орында бөтелкедегі газдалған және ауыз судың 27 түрін шығара бастайды.

Қалада тұрғын үй тапшы болғандықтан, алынған несие арқылы ғимаратты қайта қалпына келтіріп, 100 орындық жатақхана ашады. Алайда СЭС-тің ескертуімен газдалған су өндірісін тоқтатуға тура келді. Себебі, тұрғын үйде өндіріс орнын ашуға заң бойынша тыйым салынған. Осылайша, кәсіпорын тек полиэтиленді ыдыс шығарумен шектеледі.

2003 жылы компания тағы да 9-қабатты бос ғимаратты сатып алады. Қазіргі таңда оның төрт қабатына компания есебінен қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғимараттың төменгі қабаттарын жалға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 2017 жылы пайдалануға беріледі деп күтіліп отырған жоғары қабаттарды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бұдан бөлек, көп ұзамай құрылыс материалдары дүкені ашылмақ.

Бүгінгі күні «Феникс ЛТД» ЖШС қызметтің мынадай түрлерімен айналысуда: 40 түрлі нан-тоқаш өнімдерін шығаратын шағын наубайхана, азық-түлік дүкені, полиэтиленді ыдыс шығару, ғимаратты жалға беру, 30 орындық асхана, жекеменшік жатақхана. Сонымен бірге, Фаиль Машиков азық-түлік тауарларын жеткізумен айналысатын интернет-дүкен қызметін іске қосқан.

Бүгінде компанияның жылдық айналымы 100 млн теңгені құрап отыр. Кәсіпорында 35 адам жұмыс істейді. Серіктестік жетекшісінің айтуынша, олардың болашаққа деген сенімі зор.

«Жоспарлар да бар, мүмкіндіктеріміз де бар, демек нақты істер қолға алынатын болады. Қазір компания өндіріс жандандыру үшін барын салып отыр. Жаһандану, бәсекелестік және тәуекел жағдайында, кәсіпкер алдында тұратын басты міндеттердің бірі – үнемі дамып отыру. Жаңа жыл қарсаңында барлық әріптестеріме тек сәттілік тілегім келеді. Тәжірибе жасаудан тежелмей, жаңа әрі әлеуеті мол істерді қолға алуларыңызға тілектеспін», – дейді Фаиль Машиков.

Кәсіпкер үшін 2016 жылдың берекелі, табысты жыл болғаны анық. Себебі, оның бизнес-тарихы Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай шығарылған «Қазақстандық бизнестің аңыздары» кітабына енді.

Естеріңізге сала кетейік, жобаның бас демеушісі – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерер палатасы. Кітаптың 25 кейіпкері – еліміз тәуелсіздік алған жылдары өз кәсібін бастаған республиканың 14 облысы мен Алматы және Астана қалаларындағы бизнес өкілдері.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер