«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Су мен соттың арасы

2016 жылғы 22 Қараша
- Ақмола облысы
6521 просмотров

Өңірлік палата сарапшылары сотта кәсіпкердің құқығын қорғап, оның 1 млн 300 мың теңгеден астам қаржысын үнемдеді

Облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті арнайы аппарат арқылы тазартылған су сататын «Көкше-BATL» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Д.Байшағыровтың үстінен су бағасын еш себепсіз қымбаттатқан деген айыппен шағым түсірген. Сонымен бірге, шенеуніктер кәсіпкерден монополиялық кірісті тәркілеу арқылы жарты миллион теңгеден астам айыппұл төлеуді  талап еткен.

Д.Байшағыровтың айтуынша, «Көкшетау су арнасы» ШЖҚ МКК  (шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны) сумен қамтамасыз ету тарифін қымбаттатқандықтан,  су бағасын көтеруге тура келген.

«Бұрынғы бағамен суды сату мүмкін емес. Мен көп шығынға баттым: ауыз суды тазалайтын қосымша аппарат сатып алу керек болды. Оған салық, қызметкерлердің жалақысын, мекемені жалға алу бағасын, жанар-жағармай, жалпы өндіріс шығындарын қосыңыз», – деді кәсіпкер.

Кәсіпкер өкілі ретінде іске білек сыбана кіріскен Палата сарапшылары, жедел түрде қажетті құжаттарды дайындап, Көкшектау қаласы мамандандырылған әкімшілік сотына арыз-шағым, жазбаша түсініктемелерді жолдаған.

«Жеке кәсіпкер кей тұста әкімшілік заңбұзушылыққа жол бергенін мойындаймыз. Бірақ, қолданыстағы Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, оның ішінде, кәсіпкерлікті ынталандыру және заңбұзушылықтардың алдын алу тармағына сай, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Әкімшілік заңбұзушылықтар туралы кодексі 8-бабының 3-тармағына сәйкес, әкімшілік заң бұзылды деген айыппен іс қозғалған тараптың, іске қандай да бір қатысы бар екеніне күмән туған жағдайда, оның пайдасына шешілуі тиіс. Сонымен қатар, әкімшілік заңбұзушылықтар туралы заңнамаларды қолданғанда пайда болатын күмәнді жағдайлар да тұлғаның пайдасына шешілуі керек», – дейді ӨКП кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Расул Сыздықов.

Нәтижесінде, монополиялық кірісті тәркілеу бойынша төленетін соманы кәсіпкерге 200 мың теңгеге дейін азайтылған.  Осылайша, 1 млн 322 мың теңге көлеміндегі қаражат кәсіпкер қалтасында қалған.

Палата сарапшылары істі сот қарауына бермей тұрып, мемлекеттік органдар кәсіпкерге келесі ережелерді орындауға қатысты құқықтар беруі тиіс еді дегенді келтіреді. ҚР Процессуалдық кодексінің 224-бабының 2-тармағына сәйкес, істің жабылуына жеті жұмыс күні қалғанға дейін монополияға қарсы ведомствоның өкілі монополияға қарсы заңды бұзуға қатысты зерттеу нәтижелерінің жобасын комиссия қарауына ұсынуы керек еді дейді мамандар. 

Осыған сәйкес, келісім комиссиясы қарауға ұсынылған жобадағы заңбұзушылық деректерін бес жұмыс күн ішінде қарауы тиіс екен. Сондай-ақ, істі қарау процесіне іске қатысы бар тұлғалар да шақырылуы керек екен. Жоба нәтижелері қаралғаннан кейін, комиссия өз ұсыныстары мен ескертулерін енгізулері шарт. Айта кетерлігі комиссия құрамына монополияға қарсы орган қызметкерлерінен бөлек, айыпталушылар тарапынан да тәуелсіз сарапшылар кіруі керек екен. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер