«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жұмысшы мамандықтың беделі артып келеді

2016 жылғы 01 Қараша
- Ақмола облысы
6582 просмотров

Палатаның Ерейментау аудандық филиалының мұрындық болуымен мектеп оқушылары өндіріс орындарының жас мамандарымен кездесті. «Мамандық таңдау өз қолыңда» тақырыбында өткен шара жасөспірімдерді жұмысшы мамандықтарға тарту мақсатында ұйымдастырылды

Ерейментау қаласындағы №3 орта мектептің 8-9 сынып оқушыларымен кездесуге «Сервис Қазақстан ТМЗ» ЖШС қызметкерлері – 6-санаттағы токарь Андрей Шарай мен осы санаттағы шебер Алексей Морозов шақырылған еді. Бүгінде жас мамандардың екеуі де өз ісінің үздіктері. Ал, олардың аты-жөндері жазылған, суреттері ілінген құрмет тақтасы, зауыт төрінен орын тепкен. 

Жас жұмысшылар оқушыларға, зауытқа қалай келгендері, еңбек қызметінің басталуы, тәлімгерлері, алғашқы жетістіктері мен мамандықтарының ерекшеліктері туралы әңгімелер берді.

Мәселен, Андрейдің бұл салаға келуіне оның ата-анасы себеп болған екен. Осылайша, зауытта, бүгінде Шарай әулеті – әкесі, ағасы және өзі жұмыс жасайды.

«Мен кішкентайымнан техникаға жақын болғандықтан, осы мамандықты таңдадым. Менің мамандығым түрлі механизмдердің, құрылғылардың, агрегаттардың қыр-сырын үйретеді. Сондай-ақ, өз кәсібіңнің білгірі болсаң, тәп-тәуір жалақы да алуға болады», – дейді Алексей Морозов.

Оқушылар, өз кезегінде, жалақы көлемінен бастап, жұмыстың ауырлығы, тіпті, тәртіп бұзу жағдайларының орын алуына дейін сұрап білді.

Жалпы «Сервис Қазақстан ТМЗ» ЖШС – «В.Воровской атындағы Тихорецк машина құрастыру зауыты» ААҚ ресми өкілі болып саналады. Зауытта жұмысқа қажет барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Өндіріс базасы Ерейментау қаласында орналасқан және барлық қажетті жөндеу цехтарымен, өндіріс қондырғыларымен, теміржол машиналарына сервистік қызмет көрсету және қондырғыларға жөндеу жұмыстары мен қосалқы бөліктерді шығаруға қажет технологиялармен жабдықталған. Айта кетерлігі, зауыт техникасы Еуропа, Азия, Африка, Орталық Америка және ТМД елдерінің теміржол желілеріне пайдалануға берілген. Зауыт арнайы жылжымалы теміржол құрамын (автомотристер, мотовоздар, барлығы 50-ден астам) жасап шығарады.  Мұнда 120-дан астам адам қызмет етеді.

Сонымен қатар, зауытта көптеген отбасы әулеттері жұмыс істейді. Олардың арасында, кеңес дәуірінен бастап қызмет етіп келе жатқандар, үздік металл өңдеу мамандары да бар. Айта кетерлігі, зауытта еңбекақы уақтылы беріліп, ұжымдық келісімшарт баптары сақталуда. Сондай-ақ, тәлімгерлік қағидаттары да қолданысқа енгізілген.

«Мамандықтың таңдау өмірлік таңдау жасаумен тең десек артық айтқанымыз емес. Бүгінде өндірістің түрлі салаларында біліктілігі жоғары жұмысшыларға сұраныс көп. Жұмысшы мамандықтардың арқасында ел экономикасы дамып, еңбек өнімділігін арттыру бойынша мемлекеттік маңызды тапсырмалар орындалады», – деді өз сөзінде Өңірлік кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Серікбай Көшкінбаев.

Мұндай кездесулерді Палата қызметкерлері енді тұрақты түрде ұйымдастырмақ. Келесі кездесу оқушылардың күзгі демалысынан кейін өткізіледі деп жоспарланып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер