«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Қара тізімге» негізсіз енгізілген

2016 жылғы 31 Қазан
- Ақмола облысы
6924 просмотров

Облыстағы алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі – «Садовое» сүт зауыты» ЖШС өнімдері тиісті техникалық регламенттің талаптарына сай келеді, микробиологиялық көрсеткіштерінде өзгерістер жоқ

Мұндай мәлімдемені бүгін Өңірлік палатаның сарапшылары жасады.

Сүт зауыты «Атамекенге» хат жолдаған. Онда сауал төтесінен қойылған: Кәсіпорынның өнімдері туралы мәліметтер ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитетінің ресми интернет-ресурсында талапқа сай келмейтін өнімдер тізіліміне неліктен енгізілген?

Бұл мәселенің мәнін ӨКП сарапшылары анықтады. Нәтижесінде мәліметтердің «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК (шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын) Алматы облысы бойынша филиалы (ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитетке қарайтын ұйым) жүргізген тексеруден кейін енгізілгені анықталды.

Ұлттық сараптама орталығының мамандары сүттің құйылу түрі туралы мәліметтер көрсетілмегендіктен, «Садовое» сүт зауыты» ЖШС-ның сүт өнімдеріндегі ішек таяқшалары тобындағы бактериялар, патогендік флора, листерия және St.aureus сияқты микробиологиялық көрсеткіштерді тексеріп көруді жөн санапты.

«Сүтке жүргізілген зерттеу МЕМСТ 9225-84 «Сүт және сүт өнімдері. Микробиологиялық талдау әдістері» әдістемесіне сай өткізілген. Ал хаттамада қателесіп, басқа нормативті құжатты көрсетіп жіберген: МЕМСТ 21237-75. Бұл стандарт барлық сойылған мал түрлерінің еті мен ішек-қарнына қатысты жүреді және аэробты бактерияларды анықтау үшін бактериологиялық зерттеу әдістерін бекітеді», – дейді ӨКП директорының орынбасары Валентина Геращенко.

Зерттеу жүргізген ведомство өз қателіктерін мойындады. Кейін анық болғандай, орындаушы маман механикалық қате жіберген (қате жазылып кеткен). Оған қатысты тәртіптік жаза қолданылды.

«Тізілімдегі мәліметтерді алып тастау керек, әрине. Алайда мәліметтерді алып тастау тетігін бейіндік ведомствоның өзі реттемейді. Қазіргі таңда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшылары кәсіпорынмен бірлесіп, Комитеттің аумақтық департаментіне өтініш дайындап жатыр. Мемлекеттік орган талапқа сай келмейтін өнімдер тізілімінен сүт зауытының өнімдері туралы мәліметтерді алып тастау үшін барлық қажетті шараны қолдануы қажет», – деп атап өтті Валентина Геращенко.

Бұл мәселе қазір Ұлттық палатаның бақылауында. Айта кетерлігі, ҰКП ведомствоаралық жұмыс тобын құруға бастама көтерген еді. Соның шеңберінде талапқа сай келмейтін өнімдер тізіліміне қатысты даулы жағдайларды қарастыру, Кедендік одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сай келмейтін өнімдер туралы мәліметтерді енгізу және шығару тәртібін әзірлеу жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетер болсақ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының күш салуының арқасында тізілімнің «Қара тізім» деген атауы осы жылдың наурыз айында «Талапқа сай келмейтін өнімдер тізілімі» деген атауға өзгертілген еді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер