Шенеунік кәсіпкер мәселесін шеше алады ма?
Шенеунік кәсіпкерді қолдауы керек. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы облыстық кәсіпкерлер форумының негізгі тақырыбына айналды
Іс-шара облыстық Кәсіпкерлер палатасында өтті. Оған мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері қатысты. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген жұмыстар туралы баяндамалар тыңдалды. Маңызды мәселелердің бірін Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Владимир Федоренко жеткізді. Оның айтуынша, шенеуніктер кәсіпкерлердің мәселесін шешу жауапкершілігін өз мойнына алудан қорқады және де бұл жағдай кәсіпкерліктің дамуына кедергі болып отыр. Шенеунік керісінше кәсіпкерге көмек қолын созуы керек.
Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Еркебұлан Баяхметов бұл мәселелерді заң тұрғысында шешу жөн екендігін атап өтті. Шенеуніктер қуана көмек көрсетер еді, алайда қадағалаушы органдардан қорыққандықтан әлсіздік танытады. Бұл пікірді Ақмола облысы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басшысы Қуаныш Жапақов та қолдады.
Бүгінде бизнес пен билік арасында Кәсіпкерлер палатасы байланыстырушы көпір болып отыр. Бизнес Кәсіпкерлер палатасын өз мәселелерін шешудегі соңғы үміті санайды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасына көмек сұрап келгендердің арасында Сәкен Бақаев пен Татьяна Оспанова бар. Олардың форумда көтерген мәселелері бірдей. Кәсіпкерлердің мұң-тілегі жер телімдеріне байланысты. Сәкен Бақаев қала әкімдігінің шешімімен 25 рет дауласса, ал Татьяна Оспанова бүгінгі күнге дейін жер телімінің пайдалану мақсатын өзгерте алмай келеді. Владимир Федоренко атап өткендей, аталған мәселелердің барлығы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырысының қарауына жіберілді. ӨКП-ның заң бөлімінде осы өтініштерді шешу үшін жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бұл форумның қорытынды тұжырысы елеусіз қалмайды. Қатысушылардың айтуынша, кәсіпкерлердің аузынан шыққан әрбір ақпарат бұдан кейінгі жұмыстар үшін ең негізгі арқау боларлық дерек қызметін атқарады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: