«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бухгалтерлер бас қосты

2016 жылғы 20 Қазан
- Ақмола облысы
8736 просмотров

Ақмола облысында Бухгалтерлер клубының алғаш отырысы өтті 

Бухгалтерлер клубын облыстың Кәсіпкерлер палатасы құрған болатын. Оның мақсаты бухгалтерлік есеп, аудит және салық салу, қаржылық есепті реттеуге бағытталған заң жобаларына ұсыныстар енгізу және оларды даярлауға ықпал ету, бухгалтерлердің біліктілігін жоғарылату болып табылады. Сонымен қатар, клуб бірыңғай ақпараттық кеңістік құру, мемлекеттік органдармен ынтымақтастық орнату мақсатын көздейді. 

Клубтың алғашқы отырысын ашқан Кәсіпкерлер палатасының директоры Еркебұлан Баяхметов, ӨКП бухгалтерлердің кәсіби қызметінде орын алатын кез келген мәселені шешуге қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.

Басқосуда Ақмола облысы мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері кәсіпкерлерге 2017 жылдың 1 қаңтарында қолданысқа енетін Салық кодексіндегі өзгерістер туралы хабарлады. Оның ішінде, заңдастыру мерзімі мен ережелері сөз етілді. Елуден астам бизнес субъектілерінің бухгалтерлері салық қызметі және салықты басқару саласындағы өзгерістерді қызығушылықпен талқыға салды. «Софт Мастер» компаниясының өкілдері «1С: Бухгалтерия» бағдарламасында электронды шот-фактурамен жұмыс жасау процесін көрсетті.

Әсіресе, бухгалтерлер тарапынан БҚМ – бақылау-кассалық машинасы туралы ақпарат ерекше назарға ілінді. «Автомир Яссо» ЖШС бухгалтері Татьяна Шаврина мұндай кездесулердің қажет екенін жеткізді.

«Мен кездесуге де, осында алынған ақпаратқа да көңілім толды. Біз жаңа жылдың басынан бастап салық қызметі бойынша бізді қандай өзгерістер күтіп тұрғанын білдік», – деді Татьяна Шаврина.

Кездесу соңында әр қатысушыға кері байланыс орнату мақсатымен, байланыс ақпаратын алу үшін сауалнама парағы ұсынылды. Енді әр бухгалтер өзін қандай мәселе толғандыратынын және мемлекеттік органдардың қайсысымен  кездесу қажеттігін біле алады. Палата өз кезегінде, тәлімгерлерді іздеп, олармен кездесу ұйымдастырады.

Клубқа мүше болу үшін, 8-7162-72-25-45, 8-7162-72-25-46 телефондары арқылы немесе akmola.clubbuh@gmail.com электронды поштасы бойынша тіркелу қажет. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер