«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сол баяғы жер жыры...

2016 жылғы 13 Қазан
- Ақмола облысы
6081 просмотров

Шенеуніктер бизнесменге дүкен маңына құрылыс салуға рұқсат бермеді

Облыстық прокуратураның әлеуметтік-экономикалық саладағы заңнаманы қадағалау басқармасы басшысының орынбасары Қаныбек Тоқсанбаев Өңірлік палатаның ұйытқы болуымен өткен мемлекеттік орган өкілдері мен кәсіпкерлердің кездесуінде қалалық әкімдік шенеуніктерінің әрекетін «сорақылық» деп атады.

Қаныбек Тоқсанбаевтың мұндай мәлімдеме жасауына Көкшетау қаласындағы танымал бизнесмен Игорь Юрченконың арызы себеп болды.

Жеке кәсіпкердің халық тұтынатын тауарларды сататын жекеменшік «Союз» дүкені бар. 2014 жылы бизнесмен дүкенін кеңейту туралы шешім қабыдап, сауда нүктесінің маңынан жер телімін алу үшін қала әкімдігіне барады.

Алайда қалалық әкімдік рұқсат бермеген. Ондағылардың айтуынша, жер телімі автокөлік тұрағы ретінде пайдаланылып жатыр екен.

Сол кездегі қала сәулетшісі Нұрболат Әлжанов бұл шешімге қарсы болып, оны Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес, қосымша құрылыс жүргізу мүмкін деген дәйекпен дәлелдеп берген. Бір қызығы, бұл үйдің жарты ғимаратында дәріхана орналасқан, ал оның қожайыны қосымша құрылыс жүргізуге рұқсат пен жер телімін алып үлгерген және құрылыс салу жоспары да бар.

Оның үстіне жер телімінде тұраққа арналған жер жеткілікті. Кәсіпкердің барлық мүмкін болатын тәуекелдерді ескергені, көз алдында автопаркинг тұрғанда, құрылыс туралы жоспар құрмайтыны белгілі. Аумақты абаттандыру мен тұрақты ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарды кәсіпкер өз мойнына алып отыр.

Айта кетерлігі, аумақтық жер инспекциясы ӨКП кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі бөлімі жолдаған сауалға осы дерек бойынша жазбаша түсініктеме жіберді. Олардың пікірінше, дүкен қоғамдық ғимараттар санатына жатқызылатындықтан, жер комиссиясының шешімі мен әкімдіктің бас тарту туралы қаулысы негізсіз.

2014 жылы Көкшетау қаласы прокуратурасы әкімдіктің жер телімін беруден бас тарту туралы қаулысына наразылық білдірді. Осы жылдың қаңтар айында жер комиссиясы жер бөлу туралы мәселені шешіп берді.

«Алайда 26 қыркүйек күні қалалық әкімдіктің заң бөлімінен дүкенді кеңейтуге жер телімін беру және оны аукционға қою мүмкін еместігі туралы тағы да ескертпе жіберілді», – дейді ӨКП директорының орынбасары Валентина Геращенко.

«Бұл ескертпенің ешқандай заңдық күші жоқ. Құқықтық акт қана шағымдануға жатады. Бұл лауазымды тұлғалар тарапынан кәсіпкерлік қызметке келтіріліп жатқан кедергінің айқын мысалы», – дегене Қаныбек Тоқсанбаев қазіргі Сәулет және қала салу бөлімінің басшысы Илуа Әбеновке наразылық танытты.

Істі облыстық прокуратура бақылауына алды. Шенеуніктерге екі апта ішінде осы және осыған ұқсас мәселелерді шешуге тапсырма берілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер