«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Құртылған малдың құнын кім өтейді?

2016 жылғы 29 Тамыз
- Ақмола облысы
6899 просмотров

Фермерлер бірнеше айдан бері пышаққа іліккен малдың өтемақысын ала алмай келеді

Аталған мәселе Ақмола облысы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің кезекті отырысында көтерілді. Өңірлік палатаға Ерейментау ауданының фермерлері жануарлар мен адам денсаулығына қауіп төндіретін қолдағы малын залалсыздандыруға (өңдеуге) тапсырғаннан кейін өтемақы алуға тиіс болған.

2014 жылдың 28 мамырында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аудандық аумақтық инспекциясы Ерейментау ауданы Қойтас ауылдық округінің әкіміне, аймақтағы «Аманжол» (33 бас), «Арқа» (19 бас) және «Береке» (14 бас) шаруа қожалықтарына тиесілі ірі қара малдың арасында бруцеллез ауруының анықталғанын баяндаған. Қойтас ауылдық округінің әкімі, кәсіпкерлерге хабарлай отырып, ауру түлікті залалсыздандырған (зарарсыздандырған). Олар «АстанаАгропродукт»  ЖШС мамандандырылған ұйымына союға (өңдеуге) жіберіледі.

«АстанаАгропродукт» ЖШС өз міндеттін атқарғаннан кейін, өңделген жануарлардың құнының бір бөлігін өтеген. Ал қалған қаражат жергілікті бюджет есебінен төлену керек болатын. Алайда, шенеуніктер әлі күнге дейін шаруалардың шығындарын өтеуге асығар емес. Аталған мәселелермен айналысатын Ерейментау ауданының әкімшілік бөлімшесі, «Жеке және заңды тұлғалардың тәркіленген және жойылған ауру жануарларының құнын өтеу шарттары мен қағидалары...» жөніндегі ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен 2014 жылдың 30 қазанында бекітіліп, екі ай өткен соң, желтоқсанда енгізілген ережесіне жүгініп отыр. Бірақ, Палата заңгерлерінің ойынша, мемлекеттің орган бірқатар жағдайларды ескермеген. Мәселен, жануарларды қайта өңдеуге өткізу және акт толтыру барысында 2003 жылы 28 сәуірде үкімет қаулысымен бекітіліп, 2015 жылдың 21 ақпанында күшін жойған өзге Ережелер әрекет етіп тұрған. Сол ережелерге сай, «Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауіп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты міндетті залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және қайта өңдеу кезінде тиісті аумақта жануардың бір басының және жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың нарықтық құнының 30%-нан аспайтын мөлшердегі құны жергілікті бюджет есебінен өтеледі, ал құнының қалған бөлігін жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты қайта өңдеу жөніндегі ұйым өтейді». Одан өзге, ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 30-бап 4-тармағында «Жеке және заңды тұлғалар жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін, алып қоймай залалсыздандырылған (зарарсыздандырылған) және қайта өңделген жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын өтеттіруге құқығы бар» делінген.

Бруцеллезге шалдығып, қайта өңдеуге жіберілген  ірі қара малдың құны үшін өтемақы төлеу мәселесі жүйелік сипатқа ие екені жасырын емес. Және де шенеуніктердің осы мәселені шешуді барынша созып отырғанының себебі де таңсық емес. Ол бюджеттің шектеулі болуы.

Сонымен қатар, еліміздің басқа өңірлерінде, атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысында, аймақ прокуратурасы осы жағдайда кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс шығарды.

Кеңес мүшелері осы мәселе бойынша жағдайды талдау керектігі туралы қаулы қабылдады. Нәтижесінде облыс прокуратурасы өз үкімін сот органдарының түпкілікті тиісті шешімі болған жағдайда шығаратын болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер