«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Серіктестікті нығайтатын кез келді

2016 жылғы 19 Тамыз
- Ақмола облысы
7325 просмотров

Ақмола облысының кәсіпорындары «Дуальды оқытудың жол картасына» белсенді атсалыспақ

Өңірлік палатаның бастамасымен өткен дөңгелек үстел барысында бірқатар бизнесмендер жаңа оқу жылында техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде мамандар дайындау үшін дуальды жүйеге қатысу туралы шешімге келді.

«Мамандар дайындау процесіне өңір кәсіпорындарын тарту бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Алайда, оқыту нәтижесіне қызығушылық таныту үшін компаниялардың өздері де белсендірек болулары қажет: олар мамандарға ие болса, түлектер жұмысқа тұру мүмкіндігіне ие болады», – деп нұсқады өңірлік Палата директоры Еркебұлан Баяхметов.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерия Гамазованың айтуынша, «Дуальды оқытудың жол картасында» өңірдің 38 колледжі қамтылған. Оларда 94 мамандық пен 139 біліктілік бойынша 21 мыңдай адам оқуда. Оның 60%-ы жұмысшы мамандықтар.

Өз кезегінде өңірлік Палата «Дуальды оқытудың жол картасын» іске асыру аясында 16 колледжбен және 53 әлеуметтік серіктес кәсіпорынмен 15 мамандық бойынша 791 студентті қамтыған үшжақты 50 шарт жасаған. Алайда, қабылданған шараларға қарамастан, бүгінде дуальды оқыту енгізу бойынша мәселелер баршылық. Солардың негізгісі – білікті жұмысшы мамандардың жеткіліксіздігі.

Мәселен, «Диас» тігін фабрикасының директоры Хасен Қажыбаевтың айтуынша, 50-дей білікті тігіншіге сұраныс бар екен. «Фабрикамызда жоғары технологиялық құрал-жабдықтар орналастырылуда. Егер өңірлік жеңіл өнеркәсіпті дамытқымыз келсе, дайын мамандардың келуі туралы ойлануымыз керек. Ол үшін мемлекет қомақты қаржы бөліп отыр», – деп атап өтті бизнесмен.

Оның пікірін басқа да кәсіпкерлер қостайды. «Иа, мамандарға деген тапшылық бар. Біздің кәсіпорнымызда қырық пайыздай. Олар зейнет жасындағы немесе зейнет жасына жақындап қалғандар. Олардың орнын басатындарды қайдан табамыз?» – дейді «Береке-Көкше» ЖШС директоры Болат Баязитов.

Дуальды оқытудың келесі қырында да мәселе жеткілікті. Көкшетау қаласы №1 сервистік-техникалық колледжінің директоры Любовь  Дробышева оқу орындарының түлектерінің оқуды тәмамдаған соң да жұмысқа орналаса алмай жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, 21 түлектің 4-уі ғана тігін фабрикасына жұмысқа орналасқан. «Үшжақты серіктестік қатысушыларының өзара қарым-қатынасын айқын реттейтін нормативтік құжат жоқ», – деді Любовь Дробышева.

«Шындығында, білім мекемелері мен жұмыс берушілердің әлеуметтік серіктестік механизмдері жетілмеген. Бұл міндетті өңірлік Палата өзіне алады. Біздің заңгерлер әлеуметтік серіктестік туралы шарттардағы олқылықтарды жою мақсатында жұмыс істейді. Онда тараптардың міндеттемелері жазылады. Бірігіп жұмыс істеудің қадамдық жоспарын жасау қажет», – деп түйіндеді Еркебұлан Баяхметов.

Дөңгелек үстелге қатысушылар дуальды оқытуды белсенді түрде енгізу мақсатында мектептер мен колледж оқушылары арасында жүйелік кәсіби бағыттау жұмыстарын жүргізуге, білім беру мекемелері мен кәсіпорындар арасындағы әріптестікті нығайтуға, әлеуметтік серіктестер базасында өндірістік оқыту шеберлері мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын өткізуге келісті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер