«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Аймақтардағы бизнестің дамуына не кедергі?

2016 жылғы 21 Шілде
- Ақмола облысы
6378 просмотров

Өңірлік Палата алқасының Степногорск қаласына жасаған іссапары кәсіпкерлердің түйткілді мәселелеріне арналды

Жаңа басшы Еркебұлан Баяхметов Өңірлік кәсіпкерлер кеңесі мүшелерімен бірігіп, жұмыс сапарымен аудандарға жай ғана танысып шығу үшін шықпайды. Осындай кездесулер барысында ӨКП жетекшісі жергілікті бизнес-қауымдастыққа Палата қызметінің нәтижелерін баяндап, оның стратегиялық мақсаттарымен бөліседі.

Мұндай кездесулер барысында түрлі мәселелер қозғалады. Мәселен, Степногорск қаласы «Биомед дәрі-дәрмек ҰҒО» ЖШС директорының орынбасары Дархан Балпанов ауылшаруашылық банктерін құру туралы ой тастады. Оның пікірінше, ЕДБ ауыл шаруашығы өндірісінің ерекшеліктеріне терең үңілмейді де, үңілгілері келмейді де. Ауылды жерлердегі нысандар да кепіл ретінде лажсыздықтан алынады. Мұның барлығы ақыр аяғында ауыл бизнесін жандандыруға тұсау салады.

Барлығына ортақ мәселелер де жоқ емес. «Қазақалтын» тау-металлургиялық концерні, танымал «Қазақстанның жылыжай технологиялары» кәсіпорны сияқты ірі компаниялар үшін тариф жасау мәселесі бүгінгі таңда даулы мәселеге айналып барады.

«Электр энергиясына қойылған өте жоғары тарифтер қуат қорын қажет ететін өндірістердің дамуын тежеуде. Мәселен, біздің компаниямыз осы қызмет үшін жылына миллиардтан астам теңге жұмсауға мәжбүр. Энергия таратумен айналысатын «Степногорск-энергокешен» ЖШС құрамына үш-төрт делдал фирмалар кіретіні белгілі. Тарифтің жоғары болуының бір себебі міне, осы», – дейді «Қазақалтын» ТМК» АҚ бас директоры Евгений Балашов.

Мемлекеттік сатып алулар саласындағы мәселелер де өзекті болып қалуда. Бұл жүйені оңтайландыру жолын «Казремэнерго» ЖШС директоры Павел  Щербаков ұсынып отыр. «Мемлекеттік сатып алуларды дайындау мен өткізуді бақылау механизмін жетілдіру қажет. Оны сметалық құжаттарды дайындаудан бастау қажет. Өйткені дәл осы кезеңде жұмыс пен қызмет көрсетудің соңғы құны белгіленеді. Бүгінгі таңда жергілікті тауар өндірушілер өз облысымызда, нақтылы аудандар мен қалаларда өткізілетін тендерлерде басымдыққа ие емес. Осыған бола, мәселен, степногорлық компаниялар өзге өңірлерде жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл ақыр аяғында қызмет көрсетудің қымбаттауына әкеліп соқтырады және өндірістің тиімділігіне әсер етеді», – деп санайды бизнесмен.

Кездесу нәтижелерін түйіндей келе, Еркебұлан Баяхметов Ұлттық палатаның басты қызметтерінің бірі кәсіпкерлік мәселелерін анықтап, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі бастамаларды қоса алғанда, оларды шешу шараларын әзірлеу екенін атап өтті.

«Сөзсіз, мемлекеттік сатып алуларды өткізу барысында жергілікті өндірушілерге басымдық беру механизмі қазіргі таңда даулы сұрақтардың бірі болып тұр. Бұл жайтты біз бірлесе отырып шешуіміз қажет. Бүгін сіздер ортаға салған әр нақты мәселе талқыланып, Өңірлік палатаның жанынан құрылған қоғамдық кеңестерде, кәсіпкерлердің аудандық, қалалық кеңестері барысында шешіледі», – деп түйіндеді ӨКП директоры.

Айта кетерлігі, бұған дейін кәсіпкерлермен кездесулер Бурабай, Бұланды, Ақкөл, Шортанды аудандарында өткізілген еді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер