«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шағын бизнесті нәзікжандылар дөңгелетіп отыр

2016 жылғы 30 Наурыз
- Ақмола облысы
7950 просмотров

Көкшетауда бірінші өңірлік «Мен табыскермін» атты Іскер әйелдер кеңесінің форумы өтті

Мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігін жандандыру, оны дамытуға әйелдермен қатар, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, қаржылық институттардың өкілдерін тарту. Осылайша, өңірдегі Кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесі бір жылдық жұмысын атап өтті.

Форумда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов былай деді: «Бүгінгі таңда әйелдер кәсіпкерлігі дамып, өрістеп келеді. Бұл туралы сандар сөйлейді: қазіргі уақытта өңірдің экономика құрылымындағы 19 ірі өндірістік кәсіпорынды нәзікжандылар басқарып отыр. 30-дан астам әйел шағын және орта бизнес нысандарына жетекшілік етсе, 26 мыңдайы осы салада жұмыс істейді. Өткен жылы бизнесін жаңа бастаған жас бизнес-ханымдар жарты миллиард теңге көлеміндегі сомадағы 16 жобаның бастамашысы атанды».

Форумға қатысушылар өздері шешіп жатқан міндеттерге, проблемалар мен келешекке қатысты өзекті мәселелер жөнінде сөз қозғады. Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әмина Әділбекова бір жылда атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығара отырып, Кеңес мүшелерінің әйелдерді экономикалық тұрғыда ілгері жылжытуға, әсіресе, ауылда көбірек көңіл бөліп келгендігін атап өтті. Кәсібін жаңа бастаушыларға арналған оқыту тренингтері, семинарлар ұйымдастырылып, әйелдер кәсіпкерлігінің өңірлік ерекшелігі анықталып, өсу нүктелері мен әлсіз тұстары айқындалып жатқандығын айтты.

Әйелдер кәсіпкерлгін біріктіру туралы сөз қозғай келе, форумға қатысушылар әйелдердің басым бөлігі шағын бизнеспен айналысатындығына назар аударды. Шағын бизнестің спецификасы әйелдің жаратылысы мен психологиясына көбірек сәйкес келеді. «Алайда, жаңа экономикалық ортада әйелдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін, әйелдердің өзі белсенділік танытуы қажет», – дейді «Той-дастархан» ЖШС-ның директоры, Ақмола облысы Саясаткер әйелдер клубының төрайымы Елена Мащинская.

Өз кәсібін жаңа бастап жатқан әйелдерге бастапқы кезеңде жеке бизнес-жобасын дайындау мен жүргізу үшін тәжірибелік көмек қажет болатындығы жасырын емес. «Бұл форумға қатысу нақты тәжірибе жинауға ғана емес, сонымен бірге, өзімізді таныстырып, тәжірибесі мол әріптестердің қолдауына иек артуға көмектеседі деп сенемін», – дейді «Catreen design» ЖШС-ның директоры Кристина Жукова.

Форум аясында Ақмола облысының тауар өндірушілерінің көрмесі, тренингтер, кеңес берулер өтсе, шара соңында өңірдегі белсенді бизнес-ханымдар алғыс хаттармен марапатталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер