Көкшенің үздік тауар өндірушілері анықталды
Көкшетау қаласында «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының қорытындысы белгілі болды
Байқауға жиырмадан астам кәсіпорын қатысты. Үш аталым бойынша тоғыз жүлделі орын, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атынан берілетін он төртке жуық Алғыс хат – Көкшетау қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының қорытындысы осындай.
Байқаудың Конституция күніне сәйкес келуі тіптен ерекше. Өңірлік палатаға аталған шараны ұйымдастыруға қала әкімдігі қолдау көрсетті. Ақмола облысының әр аймағынан жиналған байқау қатысушыларының көрме орындары «Tәуелсіздік» алаңына тізілді. Бұл жерде жергілікті кәсіпорындардың үздік тауарларының үлгілері қойылды. Атап айтар болсақ, олар: азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп өнімдері, қайта өңдеу және құрылыс саласының өнімдері, өнеркәсіптік жабдықтар. Жалпы алғанда, байқауға өңірдің 23-ке тарта компаниясы қатысты. Олардың арасында жеке кәсіпкерлер де аз емес.
Тауарлардың алуан түрін, азық-түлік өнімдерін өндіруге маманданған, «Астана продукт» ЖШС (Қорғалжын ауданы), «CAPITAL PROJECTS LTD» ЖШС (Целиноград ауданы), «Докаева Т.В.» ЖК (Сандықтау ауданы), «Калашникова Н.Г.» ЖК (Ақкөл қ-сы), «Касумов Р» ЖК, «Восточные сладости» (Көкшетау қ-сы) сынды тағы басқа да кәсіпорын өкілдері назарға ұсынды.
Нәтижесінде «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша бірінші орынды «Агрофирма TNK» ЖШС иеленді. Кәсіпорын еліміздегі ең үздік агроөнеркәсіп кешеніндегі жетекші компаниялардың бірі. «Айбат» ЖШС (TNK компаниялар тобына кіреді) шығаратын «Жақсы» сүт өнімі, жеке сүт фермасында табиғи сиыр сүтінен өнім дайындаудың арқасында, тұтынушыларды баяғыда баурап алған. 2015 жылдың аяғында «АйБат» ЖШС ет өңдеу зауыты ашылды. Табиғи ет өнімі де «Жақсы» сауда маркасымен шығарылады. Және де шұжықтың әртүрлі сұрыптарынан бастап, тұшпара мен котлеттерге дейін, 12-ге жуық тауар түрлері бар.
Байқаудың өзге де қатысушылары өз өнімдерін лайықты көрсете білді. Былтырғы жылдың жеңімпазы «Енки» ЖШС – биыл «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша екінші орын алды. Ал бірінші орынға «AZAM KC» ЖШС лайықты деп танылды. Ол елімізде дайын астық кептіретін орын салушы жалғыз компания. 2012 жылдың сәуірінде құрылған кәсіпорын элеваторларды қалпына келтіру және тұқым желілерін ұйымдастыру тәжірибесін пайдалана отырып, жергілікті климат, экономикалық және басқа да жағдайларға төтеп бере алатын астық кептіргіш кешендерге арналған жабдық өндіреді.
«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша аттары бұрыннан таныс кәсіпорындар өз өнімдерін ұсынды. Мысалы, тоқыма бұйымдарын өндіруші «ТП «Арман» ЖШС. Компанияның шығарған өнімдерін өңірдегі барлық сауда орындарынан табуға болады. Өнімдерінің жоғары сапада болуы кәсіпорынның екінші орын иеленуіне жол ашты. Щучинск қаласының жеке кәсіпкері Екатерина Жукованың өнімдері де жергілікті нарықта өз орнын тапқан. Оның тірнектеп еткен еңбегінің арқасында осы аталым бойынша үшінші орын иеленуі соның дәлелі болса керек. Ал бас жүлде Көкшетау қаласында жиһаз жасаумен айналысатын жеке кәсіпкер Әмір Сақтағановқа бұйырды. Кәсіпкердің айтуынша, оны жеңіске бәсекелестік жетелеген. «Нарық талабының тез өзгеруі, әсіресе, бәсекелестік кәсіпкердің шыңдалып, әрқашан алға жүруіне себепші болады. Бәсекелестік – бір орында қалып қоюды құптамайды, жаңа ойлар мен технологияларды енгізуге итермелейді», – деп ой бөлісті кәсіпкер. Бүгінде кәсіпорын 150-ге тарта жұмсақ жиһаз түрін шығарады. Жиһаз өнімдерін Көкшетау, Атбасар, Щучинск, Степногорск, Ақкөл қалаларындағы өзінің дүкендер желісінде сатады.
«Қазақстанның үздік тауары» байқауын өткізу үлкен маңызға ие. Өйткені, осындай қоғамдық форумдар арқылы іскерлік ортаның қатысушылары өздерін танытып, өнімдерін көрсете алады. Сонымен қатар, осындай шараларға белсенді қатыса отырып, өзі сынды басқа да кәсіпорындармен тәжірибе алмасады», – деп атап өтті Өңірлік палата директоры Еркебұлан Баяхметов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: