«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Президент тапсырмалары орындалуда: «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жаңартылған ережелер аясында жаңа серпін алды

2025 жылғы 18 Желтоқсан
241 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аймақтарда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру және шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасын жүзеге асырып келеді. Аталмыш жобаны бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік кәсіпкерлікті дамытуға және жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекет пен бизнестің тиімді қарым-қатынасының табысты үлгісі ретінде жоғары бағалады.

БАБӨ жобасын «Атамекен» ҰКП 2023 жылдан бастап Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (JICA) бірге ҚР Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен жүзеге асыруда. Осы уақыт аралығында Палата жобаны іске асырудың орнықты моделін қалыптастырып, оның әдістемелік сүйемелдеуін, республикалық және өңірлік деңгейде үйлестірілуін, жұмыс топтары мен бренд-комитеттердің құрылуын, сондай-ақ жоба қатысушыларына кешенді қаржылай емес қолдауды қамтамасыз етті. «Атамекен» ҰКП мен оның аймақтық бөлімшелерінің белсенді жұмысы жобаны ауқымдауға, өңірлік өндірушілердің көп бөлігін тартуға, сондай-ақ БАБӨ жобасын жергілікті кәсіпкерлікті дамытудың тиімді құралына айналдыруға мүмкіндік берді.

Жуырда Қазақстан Республикасы Үкіметі кәсіпкерліктің қаржылай емес қолдауын қамтамасыз ету ережелеріне өзгерістер енгізген болатын. Қабылданған түзетулер БАБӨ жобасы аясында жүзеге асырылатын шараларды нормативтік түрде бекітіп, аймақтық өндірушілердің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті. Жаңартылған тәсілдер Мемлекет басшысының өңірлік кәсіпкерлікті дамыту, жергілікті өндірушілерді қолдау және аймақтарда орнықты экономикалық өсу нүктелерін қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде «Атамекен» ҰКП мен Үкіметтің жүйелі және тиянақты бірлескен жұмысының нәтижесі болды.

БАБӨ жобасы жергілікті ресурстар негізінде бәсекеге қабілетті өңірлік өнімдерді анықтауға және дамытуға, өндірістің заманауи технологияларын енгізуге, сондай-ақ тауарларды ішкі және сыртқы нарықтарға шығаруға бағытталған. Жоба аясында кәсіпкерлер мен өңірлердің бастамашыл тұрғындарына кеңес беруден бастап, көрмелерге қатысу, тауарлық белгілерді әзірлеуге көмек көрсету, оқыту және маркетингтік сүйемелдеу сияқты кешенді қаржылай емес қолдау көрсетіледі.

Жобаны іске асыру нәтижелері оның практикалық тиімділігінің айқын дәлелі бола алады. 2023–2025 жылдары БАБӨ көрмелеріне 2 мыңнан астам өндіруші қатысып, бренд-комитеттердің отырыстары 20 өңірде өткізілді, ал финалистер қатарына 1 мыңнан астам өнім түрін ұсынған 198 өндіруші енді. Жобаны іске асыру шамамен 594 тұрақты жұмыс орнын құруға ықпал етсе, 171 бастамаға 937 млн теңге көлемінде несиелік және гранттық қаржыландыру берілді. Өнім түрлерінің көбеюі, өндірушілер санының артуы және өңірлік тауарлардың ірі сауда желілеріне шығуы тұрақты жергілікті брендтердің қалыптасып жатқанын көрсетеді және Президенттің жергілікті өнімге, білімге және заманауи технологияларға басымдық беру нақты экономикалық нәтиже беретіні туралы пікірін растайды.

Ережелерге енгізілген өзгерістер БАБӨ жобасының ауқымын едәуір кеңейтті. Атап айтқанда, енді өңірлік көрмелер қорытындысы бойынша жұмыс топтары 20 өнім түріне дейін (бұрын – 10) іріктей алады. Ал бренд-комитеттердің отырысы нәтижесінде бұрынғы үш өндірушінің орнына 10 финалист анықталады. Бұл өзгерістер кәсіпкерлерді қамту ауқымын кеңейтуге, аймақтық өндірушілер арасындағы бәсекелестікті арттыруға және жергілікті брендтердің санын көбейтуге бағытталған.

Сонымен қатар, жаңартылған ережелер «Атамекен» ҰКП және оның өңірлік бөлімшелерінің институционалдық рөлін күшейтті. Өңірлік кәсіпкерлер палаталары қаржылай емес қолдау шараларын жүзеге асырудың, жұмыс топтарын құрудың, жобаларды сүйемелдеу және ақпараттық-кеңес беру қызметтерін, оның ішінде онлайн-форматта консультациялық қызмет көрсетудің негізгі алаңы ретінде бекітілді.

Бұл кәсіпкерлер мен өңірлердегі қолдау инфрақұрылымы арасындағы байланысты нығайтып, аймақтық ерекшеліктер мен экономиканың басым салаларын жедел ескеруге мүмкіндік береді.

«Атамекен» ҰКП Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша Үкіметпен бірлескен жүйелі жұмысын жалғастыра бермек. Қолдау құралдарын кезең-кезеңімен дамытып, кәсіпкерлерді дамудың барлық кезеңінде сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Палата Президент айқындаған бағыт бойынша жұмысын ары қарай да жалғастырып, өңірлік экономиканы нығайту және шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттердің іс жүзінде орындалуын қамтамасыз етуді алдағы уақытта да басты назарда ұстайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174