«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бұзушылықтарды жоюдың орнына – нысанды бұзу ма? Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес даулы жағдайды қарастырды

2025 жылғы 01 Желтоқсан
- Шығыс Қазақстан облысы
213 просмотров

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда жеке кәсіпкердің өтініші қаралды. Бизнес иесі нысан құрылысы кезінде түсініксіз жағдайға тап болып, негізсіз деп санайтын ғимаратты бұзу туралы нұсқама алған.

«2022 жылы жылжымайтын мүлік – монша ғимаратын жер учаскесімен бірге сатып алдым. Сатып алғаннан кейін банктың қарыз қаражаты есебінен құрылыс-монтаж жұмыстарын бастадым», – деді кәсіпкер.

2025 жылдың тамыз айында ШҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы (МСҚББ) жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бірқатар бұзушылықтарды анықтады: жұмыстардың басталғаны туралы хабарламаның болмауы, жобалық-сметалық құжаттаманың жоқтығы, сараптамалық қорытындының болмауы, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалаудың жүргізілмеуі.

Тексеру нәтижесі бойынша МСҚББ нұсқама шығарып, оның негізгі тармағы – салынған ғимаратты бұзу болды. Бұдан бөлек, кәсіпкерге кейбір құрылыс бөліктеріне зерттеу жүргізу, құрылыс алаңын қоршау орнату және растайтын құжаттарды ұсыну міндеттелді.

Сонымен қатар, жеке кәсіпкер ҚР ӘҚБтК-нің 316, 321 және 463-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Істі материалдарды зерттей отырып, Кеңес МСҚББ-тің нұсқаманы шығару барысында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің түсіндірме хатына сүйенгенін анықтады. Алайда ведомстволық бағыныстылық МСҚББ аталған орталық мемлекеттік органның құрылымына кірмейтіндіктен, бұл ұсынымдарды міндетті түрде орындауға тиіс екенін білдірмейді.

Осы ретте МСҚББ -тің нұсқамасы іс жүзінде: алдымен объектіні бөлшектеуді, содан кейін жобалық құжаттаманы рәсімдеуді және тек содан кейін ғана құрылыс жұмыстарын қайта бастауды талап етеді.

Кәсіпкер мұндай тәсілмен мүлдем келіспей, өз өтінішінде бөлшектеу елеулі қаржылық шығындарға және төлем қабілетсіздігі тәуекеліне әкелетінін, құрылыс оның жеке меншігіндегі жер учаскесінде жүргізіліп жатқанын, МСҚББ нақты қандай бұзушылық дәл демонтажды талап ететінін негіздемегенін, ал құрылыс саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері бұзушылықтарды жоюдың нақты тәсілдерін көздемейтіндіктен, талап шамадан тыс болуы мүмкін екенін атап өтті.

Маңыздысы, МСҚББ барлық қажетті құжаттар ресімделгенге дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтату туралы талаппен сотқа жүгінген.

2025 жылдың 23 қыркүйегінде мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот МСҚББ-тің талап-арызын қанағаттандырып, кәсіпкерді жобалау-сметалық құжаттама бекітіліп, сараптама қорытындысы алынғанға дейін жұмыстарды тоқтатуға міндеттеді.

Кеңес соттың қамтамасыз ету шараларын қолдануы да әкімшілік ықпал ету шараларының жеткіліктілігін айғақтайтынын атап өтті.

Кеңес МСҚББ-ке ғимаратты толық бөлшектеуге байланысты емес, бұзушылықтарды жоюдың өзге де баламалы тәсілдерін қарастыру мүмкіндігін сұрады.

Сонымен бірге МСҚББ өкілдері өзге тәсілдер жоқ екенін, өйткені барлық рұқсаттарды жүйе беретінін алға тартады. Жобалық-сметалық құжаттамасыз және сараптама қорытындысы болмай, құрылысқа қолдау берілмейді.

Кәсіпкер барлық қажетті рәсімдерді жүргізуден бас тартпайды, тек ғимаратты бөлшектеусіз. Өйткені орасан қаражат салынған. Бұл бизнесті күйретуі мүмкін.

ШҚО кәсіпкерлер палатасы жеке кәсіпкердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда қолдау көрсетуді жалғастырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174