«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шымкентте арнайы салық режимінің мөлшерлемесі 2 пайызға дейін төмендетілді

2025 жылғы 28 Қараша
- Шымкент қаласы
813 просмотров

Шымкент қаласында арнаулы салық режимі аясындағы салық мөлшерлемесін 2 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылданды.

Осылайша, Шымкент қаласының мәслихаты Кәсіпкерлер палатасының бастамасын қолдады.

Ұзақ уақыт бойы Кәсіпкерлер палатасы, жергілікті мәслихат және Шымкент қаласының әкімдігі бірлесе жасаған жұмыстың нәтижесінде, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнаулы салық режимінің (АСР) салық мөлшерлемесі 2%-ға төмендетілді.

Бұл шешім Шымкент қаласы маслихатының 2025 жылғы 28 қарашадағы қаулысына негізделген.

Бұл маңызды әрі уақтылы жүзеге асырылған қадам кәсіпкерлерге 2026 жылғы салық өзгерістеріне дайын болуға көмектеспек.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы салық реформасын талқылауға белсене қатысып, жергілікті өкілді органдарды – мәслихаттарды жаңа арнаулы салық режимінің мөлшерлемесін 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін төмендету туралы жедел әрі нақты шешімдер қабылдауға шақырды. Кәсіпкерлер палатасы осы маңызды мәселені шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында көтеріп келеді.

Себебі, 2026 жылдан бастап еліміздегі салық саясатына елеулі өзгерістер енгізіледі:

  • ҚҚС ставкасы 16%-ға дейін көтеріледі.
  • ҚҚС міндетті тіркеу шегі 10 мың АЕК-ке дейін төмендейді.

Осы өзгерістерді ескере отырып, Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы алдын ала арнаулы салық режимінің мөлшерлемесін 2%-ға дейін төмендету бастамасын көтерді. Бұл салық кодексінде қарастырылған және жергілікті өкілдік органның шешімімен жүзеге асырылуы мүмкін.

Бұл қадам неліктен маңызды?

Ставканы төмендету:

  • Шағын және орта бизнесті көлеңкеден шығару үшін жағдай жасайды;
  • Бизнесті ашық жүргізу мәдениетін нығайтады;
  • Салық тәртібін арттырады;
  • Өзін-өзі декларациялау арқылы салық базасын кеңейтеді;
  • Кәсіпкерлерге тұрақтылық пен жұмыс орындарын сақтауға көмектеседі;
  • Қаланың инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Бұл шешім Шымкенттегі бизнес климатын жақсартуға және жаңа жобаларды дамытуға қолайлы жағдайлар жасауға ықпал ететін маңызды қадам болатынына сенімдіміз.

Сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұзақ уақыт бойы мемлекеттік органдар және салалық қауымдастықтармен бірігіп жұмыс істеудің нәтижесінде негізгі мақсатқа жетті – мемлекет пен адал кәсіпкерлердің мүдделері арасындағы тепе-теңдік қамтамасыз етілді. Бұл – адал кәсіпкерлер көбіне жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істеуді жалғастыра алады деген сөз.

Қазақстан Үкіметі арнаулы салық режимін (АСР) қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімін бекітіп, жариялады (https://adilet.zan.kz/rus/docs/P2500000970

). Осы тізімге 44 санат, жалпы 185 нақты қызмет түрі енгізілген.

Осы тізімге кірген кәсіпкерлерге қызмет түрлерін бекітілген талаптарға сәйкес реттеу әрі болашақ жоспарларын ескере отырып, салық режимін уақытында өзгерту қажеттілігін ескертеміз.

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмысын жалғастыруда.

Кез келген сұрақтар бойынша Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасына хабарласуға болады.

Мекенжайы: Шымкент қ., Ерімбетов көшесі, 304Г, «Заңғар» бизнес орталығы, 2-қабат.

Электронды пошта: shymkent@atameken.kz Тел.: 8 7252 394 977.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174