«Атамекенде» мүгедектігі бар адамдардың ұйымдарынан сатып алу мәселелері талқыланды
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына «Самұрық-Қазына» қоры мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін білдіретін ұйымдардан сатып алатын тауарлар тізбесін кеңейту жөнінде ұсыныс түсті. Атап айтқанда, тізімге тұрмыстық химия өнімдерін енгізу қарастырылған. Алайда бұл бастама «Атамекен» ҰКП Президиумының Өңдеуші өнеркәсіп комитеті отырысында отандық тауар өндірушілер мен салалық бірлестіктер тарапынан алаңдаушылық тудырды. Олардың пікірінше, мұндай қадам жеңілдіктерді теріс пайдалану тәуекелін күшейтіп, реттелетін сатып алулар нарығында формалды құрылымдардың көбеюіне әкелуі мүмкін.
Анықтама: «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің 26.08.2025 жылғы №259 сырттай отырысының шешімімен Сатып алу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Осы өзгерістерге сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап «Самұрық-Қазына Контракт» қалыптастыратын мүгедектер ұйымдарының тізілімі мемлекеттік сатып алу жүйесінде қолданылатын мүгедектер ұйымдарының бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесімен біріктірілетін болады.
Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП мүгедектер ұйымдарынан сатып алынатын тауарлар тізбесін (бұған дейін «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директорының бұйрығымен бекітілген) күшін жойған деп тануды және бұдан әрі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 03.09.2024 жылғы №345 бұйрығында бекітілген қоғамдық бірлестіктер мен мүгедектер ұйымдарынан сатып алынатын жекелеген тауарлар, жұмыстар және қызметтер тізбесін басшылыққа алуды ұсынады.
«Атамекен» ҰКП-да айтылғандай, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау – маңызды бағыт, алайда Палата бұл ұсынысқа қарсылық білдірді. Себебі аталған өнімдерді тізімге енгізу отандық өндірушілердің сатып алуларға қолжетімділігін шектеп, мүгедектігі бар адамдардың расымен де тауарды өндіру процесіне қатысуына байланысты күмән тудырады. Бұл орайда әсіресе технологиялық талаптар мен өндірістік қауіпсіздік нормалары алаңдатады.
«Біз бұл мәселені барлық реттелетін сатып алулар аясында кешенді түрде қарастыруды ұсынамыз. Сондай-ақ ұйымдардың тізілімдерін жүргізетін ақпараттық жүйелердің ашықтығы мен тәртібін қамтамасыз ету маңызды. Сонымен бірге әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету мен мемлекеттік преференцияларды, соның ішінде реттелетін сатып алуларға қатысу құқығын әділетсіз пайдаланудың алдын алу арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры – Өңдеу өнеркәсібі департаментінің директоры Алмат Асқар.

Ескерту: Қазақстан заңнамасы мүгедектердің қоғамдық ұйымдарына мемлекеттік сатып алуларға қатысу үшін арнайы тәртіп белгілейді. Белгіленген тізбе бойынша мемлекеттік органдар жекелеген тауарлардың 50%-дан астамын және жұмыстар мен қызметтердің 100%-ын осы ұйымдардан сатып алуға міндетті.
Өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрағасы Қанат Ибраев мүгедектер ұйымдарының сатып алуларға қатысуы бастапқыда әлеуметтік қолдау тетігі ретінде қарастырылғанын еске салды.
«Бұрын қоғамдық бірлестіктер тапқан табысын өздерінің жарлықтағы мақсаттарына, яғни оңалтуға, жолдамаларға, көмек көрсетуге бағыттайтын. Қазір, өкінішке қарай, көптеген кәсіпкерлер бұл статусты жеке пайда мен салықтық жеңілдіктер үшін, тіпті кейде салықтан жалтару үшін пайдаланады. Негізі бұл санаттағы әлеуметтік кәсіпкерлік сақталуға тиіс, бірақ мемлекет пен қоғам тарапынан қатаң реттеу мен бақылау қажет», – деді ол.
Жиынға қатысушылар соңғы жылдары мемлекеттік сатып алуларға қатысатын мүгедектер ұйымдарының саны бірнеше есе артқанын атап өтті. Жеңіл өнеркәсіп өкілдерінің айтуынша, олардың бір бөлігі шынайы өндірістік қызметпен айналыспайды.
«Жеңіл өнеркәсіп саласында бұл проблема анық байқалады. Көптеген ұйымдардың әлеуметтік миссияға мүлде қатысы жоқ. Олар барлық жеңілдіктерді пайдалана отырып, сатып алуларға тікелей қатысуға мүмкіндік алады. Алайда іс жүзінде импорттың делдалдарына айналған», — деді «QAZAQ TIGIN FABRIKASY» ЖШС негізін қалаушы Алма Қадырқұлова.
Мәселені мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері де растады. «Қазақ саңыраулар қоғамы» ҚБ-ның Өскемен оқу-өндірістік кәсіпорнының басшысы Ерлан Мейірбеков те саладағы алаңдаушылықты жеткізді.
«Қазір республикада “мүгедектер ұйымы” статусына ие 2400-ден астам ұйым тіркелген, олардың саны жыл сайын артып келеді. Соның салдарынан өндіріс орындары, цехтары бар, мүгедектігі бар азаматтарға жұмыс орнын ұсынатын кәсіпорындар кейде жұмыссыз қалып қояды. Адалынан еңбек етіп, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған ұйымдардың ғана бұл құқықты пайдалануын қамтамасыз ететін нақты бақылау қажет», – деді ол.
«Атамекен» өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау – маңызды әлеуметтік міндет екенін атап өтті, алайда бұл бағыттағы тетіктер ашық әрі әділ болуға тиіс. Мемлекеттік жеңілдіктер мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталуы керек. Оларды салықтан жалтару немесе сатып алудағы жеңілдіктерді заңсыз қолдану үшін пайдалануына жол берілмеуі керек. Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің нақты әрі принципті ұстанымы қажет.
Осыған байланысты бизнес қоғамдастығы мемлекет тарапынан бақылауды күшейту мүмкіндігін қарастыруды сұрайды. Тіпті бұрынғыдай мұндай құқықты тек республикалық деңгейдегі арнайы кәсіпорындар ғана пайдаланатын жүйеге қайта оралу жөнінде де ұсыныстар айтылды.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: