«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Павлодар облыстық «Атамекен» палатасында бизнесті тауар бағасына қатысты бұзушылықтар үшін айыппұлдардан сақ болуға шақырды

2025 жылғы 06 Қараша
- Павлодар облысы
429 просмотров

Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасында сауда және қызмет көрсету кеңесінің отырысы өтті.

Алдымен кәсіпкерлерге Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс нормалары, ішкі сауданы жүргізу ережелері, сондай-ақ отандық тауар өндірушілер мен ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету қағидалары түсіндірілді.
Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Даулен Кабдушев сауда саласында бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізілгенін айтты.

«Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекітті. Бұл – халықты толғандыратын өзекті мәселе. Аталған тізімге 19 атау кіреді және заңнамаға сәйкес, бұл тауарларға сауда үстемесі өндірушінің босату бағасынан немесе жеткізушінің бағасынан 15 пайыздан аспауы тиіс. Егер бұл көрсеткіштен асып кетсе, біз уәкілетті мемлекеттік орган ретінде кәсіпкерлерді жауапкершілікке тартамыз. Алғаш рет бұзушылық анықталған жағдайда айыппұл мөлшері бизнес субъектісінің санатына қарай 150 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді, ал қайталанған жағдайда – 300 АЕК-ке дейін», – деп түсіндірді Даулен Кабдушев.

Бүгінде ведомство тауар бағасына қатысты жиі кездесетін үш негізгі бұзушылық түрін анықтап отыр:
тауарларда баға көрсетілмеуі, бағалар касса мен бағалық жапсырмада сәйкес келмеуі және бағаның теңгемен емес, өзге валютамен көрсетілуі.
Осы мәселелер бойынша департамент азаматтардың өтініштері негізінде тексерулер жүргізеді. Бұл жағдайда айыппұл мөлшері 30 АЕК-ке дейін, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда – 200 айлық есептік көрсеткішке дейін жетуі мүмкін.
Отырыста «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Павлодар облысы бойынша филиалы директорының орынбасары кәсіпкерлерге қордың бағдарламалары аясында жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктерін түсіндірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174