«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мектептегі тамақтану, тексерістер және экологиялық төлемдер: Абай және ШҚО бизнесі омбудсменмен өткен кездесуде қандай мәселелерді көтерді

2025 жылғы 05 Қараша
- Шығыс Қазақстан облысы
195 просмотров

Бизнес-омбудсмен Канат Нуров Семей қаласында Абай облысы және Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлерімен кездесті. Диалог алаңына бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар және кәсіпкерлікті қолдау институттары жиналды. Кездесу барысында шағын және орта бизнес дамуына кедергі келтіретін жүйелі тосқауылдар талқыланды.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Канат Нуровтың айтуынша, мұндай кездесулер мәселелерді жедел анықтауға және әкімшілік кедергілерді жоюға мүмкіндік береді.

«Біз өңірлерге бизнес өкілдерін тікелей тыңдау үшін шығамыз. Ашық диалог пен кері байланыс қана кәсіпкерлер үшін нақты нәтиже беретін шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Канат Нуров.

Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.

Мысалы, «Султан ТВ» ЖШС директоры Азамат Бигалиев «Ертіс» ӘКК» АҚ алдындағы міндеттемелерді, несиелік серіктестіктер таратылғаннан кейін және адал қатысушылар өз міндеттемелерін орындағанына қарамастан, тоқтату қиын екенін айтты. Бұл - ортақ жауапкершілікке байланысты туындаған мәселе.

«Бизнес енді қатысы жоқ міндеттемелер үшін ақы төлеуге мәжбүр. Біз адал кәсіпкерлер өзге тараптың қателігі үшін жауапкершілік көтермеуі және жұмысын жалғастыра алуы үшін медиациялық тетіктерді енгізуді ұсынамыз», - деді Азамат Бигалиев.

ШҚО прокуратурасының қоғам мүддесін қорғау басқармасының бастығы Жандос Қоныров бұл мәселенің жүйелі екенін, кәсіпкерлер оны бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқанын атап өтті.

«Адал кәсіпкерлерді несиелік серіктестіктер құрамынан шығару мәселесі бойынша ШҚО әкімдігімен қайта кездесулер өткіземіз», – деді Жандос Қоныров.

Канат Нуров бұл мәселенің бақылауға алынатынын қосты.

Сонымен қатар, Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қызметі қауымдастығының төрайымы Марина Лаптева мектептегі тамақтануды реттеу мәселесін қайта көтерді. Шығыс Қазақстан әлі де ескі мәзір бойынша жұмыс істейді, сондай-ақ мектеп мәзірінің қазіргі нарық жағдайына сәйкес еместігі айтылды.

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен мәзір өңірлік ерекшеліктер мен баға деңгейін ескермейді. 722 теңге қаржыландыру жеткіліксіз, ал мәзірдегі өнімдер балаларға әрдайым қажет емес. Бұл кәсіпкерлерге шығын әкеледі», – деді Марина Лаптева.

Бизнес өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, өзара алмастырылатын өнімдер тізімін кеңейтуді ұсынды. Мемлекеттік органдар бұл мәселені қосымша пысықтауға уәде берді.

Сондай-ақ, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Игорь Шацкий Жоғары аудиторлық палатаның тексерістері мәселесіне назар аударды.

«ЖАП-тың қорытындылары мемлекеттік қаражатты қайтару туралы талаптардың негізіне айналатын жағдайлар бизнес үшін ауыр күйінде қалып отыр. Көбінесе кәсіпкерлер барлық міндеттемелер орындалса да, мүлік орнында болса да, субсидияларды қайтаруға мәжбүр. Даулы қорытындылар алдымен шағымдану рәсімінен өтуі керек», - деп атап өтті Игорь Шацкий.

Жандос Қоныровтың мәліметінше, ЖАП қорытындылары бойынша қозғалған 18 істің бесеуінде сот кәсіпкерлердің пайдасына шешім шығарған.

Генеральды прокуратураға ЖАП тарапынан ұсыныс енгізер алдында кәсіпкерлердің түсіндірмелерін қабылдау тәртібін енгізу туралы бастамалық хат дайындау туралы шешім қабылданды.

Абай және ШҚО үшін маңызды мәселелердің бірі - экологиялық төлемдер. Бизнес бұл шығындарды бірлесіп қаржыландыруды сұрайды.

Игорь Шацкий түсіндіргендей, экологиялық тәуекел аймақтарына жататын өңірлерде кәсіпкерлер қызметкерлерге жеңілдіктер төлеу кезінде қосымша шығындарға ұшырайды.

«Жұмыс берушілер іс жүзінде мемлекеттің әлеуметтік функциясын атқарып отыр. Бұл мәселені республикалық деңгейге шығарып, шығындарды бюджетпен бөлісу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», - деді Игорь Шацкий.

Бизнес-омбудсмен бұл ұсынысты қолдап, бизнестің жүктемесін атап өтті.

 «Бұл қаражаттың өтелуі қажет деп санаймын. Үкіметке хат дайындаймыз», - деп түсіндірді Канат Нуров.

Сондай-ақ, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев алкоголь өнімдерін сату кезінде кәсіпкер мен сатушы арасындағы жауапкершілікті бөлуге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабын қолдану тәжірибесі бойынша кәсіпкерлердің сұрағын жеткізді.

Жалпы, мемлекеттік орган өкілдері әр мәселе бойынша түсініктеме беріп, одан арғы бірлескен жұмыс жоспарын белгіледі. Бірқатар мәселелер бизнес-омбудсменнің жеке бақылауына алынды.

«Біз кәсіпкер күреспен емес, дамумен айналысуы үшін жағдай жасауға міндеттіміз. Көтерілген барлық мәселелер қаралатын болады және әрқайсысы бойынша нақты шешімдер күтеміз», – деді Канат Нуров.

Кәсіпкерлер мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, билікпен ашық диалог кедергілерді жедел жоюға көмектесетінін айтты.

«Мемлекет бизнесті тыңдайды - бұл маңызды. Біз жұмыс топтарына қатысуға және заңнамаға өзгерістерді бірлесіп әзірлеуге дайынбыз», - деп түйіндеді кездесу қатысушылары.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174