«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбенің тәжірибесі Ресейде қолданылды: QR-код шекарада бизнесті қорғаудың тиімді құралына айналды

2025 жылғы 12 Қазан
- Ақтөбе облысы
136 просмотров

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының жүк тасымалдаушылармен жедел байланыс орнату жөніндегі цифрландыру бастамасы өз тиімділігін дәлелдеді. Бір жыл бұрын орнатылған QR-код бизнестің құқықтарын қорғауда нақты нәтиже беріп, осы тәжірибені ресейлік әріптестер – Орынбор облысының өкілдері де қабылдап, «Сағарчин» өткізу бекетінде ұқсас ақпараттық стенд орнатты.

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының маңызды бастамаларының бірі – жүк тасымалдаушылардың өтініштеріне цифрлық әрі жедел түрде әрекет ету тетігі. Бұл жоба «Жайсаң» – «Сағарчин» халықаралық автокөлік өткізу бекетінде бизнестің құқықтарын қорғауға бағытталған.

Жобаны әзірлеуге өңір кәсіпкерлерінің шекарадан өту кезінде жекелеген лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттеріне қатысты көптеген шағымдары себеп болды.

2024 жылдың қазан айында Палатаның бастамасымен, көлік прокуратурасы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп, «Жайсаң» өткізу бекетінде прокуратураның, Антикордың және «Атамекен» ҰКП-ның call-орталықтарының байланыс нөмірлері көрсетілген ақпараттық стендтер орнатылды.

Стендтерде сондай-ақ WhatsApp-чатына жылдам өтуге мүмкіндік беретін QR-код орналастырылған. Бұл чатта кәсіпкерлер өз өтініштері мен шағымдарын тікелей жолдай алады.

Чатта көлік прокуратурасы, мемлекеттік кірістер органдары, көліктік бақылау, ветеринарлық және фитосанитарлық инспекциялар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар. Мұндай формат кәсіпкерлердің өтініштеріне жедел жауап беруге, мәселелерді бюрократиялық кідіріссіз сол жерде шешуге мүмкіндік береді.

Жоба іске қосылғаннан бері Палатаға 250-ден астам өтініш түсті, олардың ішінде мемлекеттік органдардың сұраулары да бар. Кәсіпкерлер палатасы жанындағы көлік және логистика жөніндегі салалық кеңес жүк тасымалдаушылардың өтініштерін нақты уақыт режимінде қарастырып келеді.

Жобаның негізгі мақсаттары - бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау; лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінің алдын алу; бақылаушы органдар жұмысының ашықтығын арттыру; кәсіпкерлердің мемлекеттік институттарға сенімін нығайту.

Палата халықаралық ынтымақтастыққа да баса назар аударды. Орынбор облысының кәсіпкерлер құқықтарын қорғау уәкілімен бірлескен келіссөздер нәтижесінде ресейлік тараптағы «Сағарчин» өткізу бекетінде де осындай QR-коды бар ақпараттық стенд орнатылды. Бұл жүйе кәсіпкерлерге көлік прокуратурасымен және Орынбор облысының бизнес-омбудсменімен қашықтан байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

«Біздің басты мақсатымыз – шекарадан өтетін әрбір кәсіпкер кез келген уақытта қолдау мен жедел жауап алу мүмкіндігіне ие болуы. Мұндай цифрлық шешімдер – жай ғана ыңғайлылық емес, бұл бизнес пен мемлекет арасындағы сенімділіктің көрсеткіші. Ақтөбе облысының бастамасы халықаралық деңгейде жалғасын тауып, тәжірибеміздің сұранысқа ие болғанына қуаныштымыз», – деді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Руслан Куйшинов.

«Жайсаң» – «Сағарчин» халықаралық өткізу бекетін кеңейту және жаңғырту мәселесі Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы мен ресейлік бизнес-омбудсменнің ерекше бақылауында тұр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174