«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өрт қауіпсіздігіне қатысты жаңа ережелер: бизнес ТЖМ талаптарын сынға алды

2025 жылғы 24 Қыркүйек
1144 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында құрылыс саласы өкілдері, девелоперлер және ТЖМ өкілдерімен кездесу өтті. Кездесудің басты тақырыбы –құрылыс саласына әсер етуі мүмкін заңнамадағы өзгерістер.

Қазақстанда 2025 жылдың 25 тамызынан бастап жаңа талаптар күшіне енді. Оған сәйкес, енді адамдар көп жиналатын нысандар мен биіктігі 28 метрден асатын ғимараттар өрт қауіпсіздігі туралы арнайы қорытындысыз пайдалануға берілмейді. Ал, 2026 жылдың 1 ақпанынан бастап бұл қорытындыны тек электрондық форматта – eGov және «е-Лицензиялау» порталдары арқылы алуға болады.

ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиевтің айтуынша, бұл жаңа өкілеттіктер – ведомствоның бұрынғы функцияларының «қайта жаңғыруы».

«Бұл функциялар бізде бұрын да болған, бірақ біраз уақыт өткен соң қайта жанданып отыр. Қазір біз кадрлық әлеуетімізді және құқықтық қолдану тәжірибемізді қалпына келтірудеміз», – деп түсіндірді ол.

ТЖМ-ге берілген жаңа функциялар қатарына мыналар кіреді:

  • нысандардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі жөнінде қорытынды беру;
  • арнайы техникалық шарттарды (АТШ) келісу;
  • өрт сөндіру автоматикасы жүйелерін монтаждау, іске қосу және техникалық қызмет көрсетуге рұқсат беру.

ТЖМ өкілдерінің берген уәделеріне қарамастан, «Атамекен» ҰКП бұл өзгерістерге алаңдаушылық білдіріп отыр. ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаментінің директоры Данияр Молкеновтің пікірінше, жаңа рәсімдер инвестиция үшін қолдан жасалған кедергіге айналуы ықтимал.

Мәселені талқылау барысында «Атамекен» ҰКП ұсынылып отырған өзгертулер бизнес үшін қосымша тәуекелдерге алып келуі мүмкін екеніне назар аударды, оның ішінде:

  • объектілерді пайдалануға беру мерзімдері артуы ықтимал, себебі қосымша келісулер мен қорытындылар қажет болады;
  • қорытынды алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің күшеюі, бұл инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізеді;
  • техникалық қадағалау функцияларын қайталау және қажетсіз бюрократияның пайда болуы.

«Бұл бір қолдан жасалған кедергілердің бірі болып тұр. Ережеде жобалық-сметалық құжаттаманы ұсыну керек деп жазылған, ал сіз елестетіп көріңізші, бұл қандай көлемдегі ақпарат және «е-Лицензиялау» оны көтере ала ма? Мүмкін, сіз «epsd.kz» жүйесімен интеграция жасағаныңыз дұрыс болар? Сонда ақпаратты сол жерден аласыз да, ал бизнес артық құжат жинауға уақыт жоғалтпайды», – деді «Қазақстан Құрылысшылар қауымдастығы» ЗТБ президенті Виктор Микрюков.

Кездесу қорытындысы бойынша, ҰКП бастамасымен бизнес тарапынан түскен ұсыныстар мен сұрақтарды егжей-тегжейлі қарастыратын жұмыс тобы құрылатын болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174