«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

39 бірегей идея: «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистерін жаңа мүмкіндіктер күтіп тұр

2025 жылғы 11 Қыркүйек
422 просмотров

Қазақстанның 13 өңірінде бренд-комитеттердің отырысы аяқталды. Нәтижесінде «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасының 39 финалисі анықталды. Бұл кәсіпкерлер сертификаттарын алып, келесі кезеңге – оқытуға, өнімді ілгерілетуге және жаңа нарықтарға шығуға дайын.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы туралы

Бұл жоба ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы іске асырылып жатыр. Мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау, ерекше өнімдерді насихаттау және өңірлік брендтерді қалыптастыру.

Іріктеу механизмі қалай жұмыс істейді?

Әр өңірде бренд-комитеттер құрылады. Бұл – кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар, қоғам және бизнес өкілдерінен құралған алқалы орган. Олардың міндеті – өнімдерді келесі критерийлер бойынша әділ және сараптамалық тұрғыда бағалау:

  • жергілікті шикізатты қолдану;
  • өңірлік ерекшелікті көрсету;
  • өндірістің қарапайымдылығы;
  • нарықтағы бәсекеге қабілеттілік.

Бренд-комитет отырыстарында өңірлік көрмелердің нәтижесі бойынша іріктелген жартылай финалистер өз өнімдерін таныстырады. Олар: нан-тоқаш және ет-сүт өнімдері, сабын, қолөнер мен тоқыма бұйымдары, кәдесыйлар мен жартылай фабрикаттар. Әрбір жұмыс 10 балдық жүйе бойынша бағаланады, ал, шешім бірлесіп қабылданады.

Әр өңірде ең көп балл жинаған үш финалист таңдалады. Олар БАБӨ сертификатын алып, келесі кезеңге өтеді.

Мысалы, Ұлытау өңірінен финалист Айтбай Қасымов қазақ мәдениетінің байлығын жергілікті тұрғындар мен қонақтарға танытудың ерекше жолын тапты. Көшпенділердің дәстүрлі сусыны – қымыздан балмұздақ жасау идеясы көпшілікті таңғалдырып, оған облыстық көрмеде жүлделі орынға ие болуға мүмкіндік берді.

«Мен әрқашан дәстүр мен заманауи талғамды тоғыстыра алатын бірегей өнім жасауды армандадым. Қымыздан жасалған балмұздақ – осының дәлелі. Қымызымыздың керемет қасиетін барынша көп адам таныса екен деймін. Біз сүт өнімдері мен балмұздақты жұбайыммен бірге дайындаймыз. Шағын шаруа қожалығын екеуміз бірлесе жүргізіп келеміз. Жастарымыз өз мәдениетін біліп, мақтан тұтса деймін. Қымыздан жасалған балмұздақ – жай ғана тәтті тағам емес. Бұл – дәстүр мен заманауи көзқарастың тоғысы, қазақтың дәстүрлі өнімдерінің қайта жаңғыруының символына айналады деп сенемін», – деді кәсіпкер.

Ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші өз кәсібін табумен қатар, шын мәнінде қазақ мәдениетінің бренд-амбассадорына, яғни өкіліне айналды. Осы арқылы ұлттық дәстүрлер қазіргі заманда да өзекті әрі сұранысқа ие бола алатынын көрсетті.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасына тек азық-түлік пен кәдесый өнімдерін өндірушілер ғана емес, ұлттық ойындар, спорт, өнер және қолөнерді насихаттаушылар да енді. Солардың бірі – Қарағандыдағы QazynaSchool қолөнер мектебінің негізін қалаушы Дәмелі Ермекова.

«ШиПазл» – бұл кәдімгі пазл секілді, тек мұндағы бөлшектер орнына – өрнекті таяқшалар. Дұрыс орналастырсаң, әдемі оюлы сурет шығады. Текемет жиынтықтары арқылы балалар кішкентай өрнекті киіз кілемшелер жасап үйренеді. Осылайша олар киіз басуды меңгеріп, қолөнерімізбен танысады. Ал, былтыр Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында шетелдік туристерге ұлттық өрнекті кесеқапты таныстырдым», – деді Дәмелі Ермекова.

Биыл Дәмелі Ермекова «Бір ауыл – бір өнім» жобасының аймақтық кезеңінің финалисі атанып, өз бұйымдарын республикалық көрме-байқауда таныстыруға дайындалуда. БАБӨ жобасына қатысу арқылы ол авторлық қолөнер жиынтықтарын кең аудиторияға таныстырып, жаңа іскерлік байланыстар орнатты және облыс шеберлерімен тәжірибе алмаса алды. Жоба оның QazynaSchool ұлттық брендін таныстыруына жаңа алаңдар ашып, қазақтың қолданбалы өнерін насихаттауға тағы бір қадам жасауға мүмкіндік берді.

Финалистерді не күтіп тұр?

Байқауда жеңу тек бастамасы ғана, әрі қарай финалистер келесі мүмкіндіктерге ие болады:

  • маркетингтік сүйемелдеу және өнімді ілгерілету;
  • тәжірибелі технологтар мен сарапшылардан білім алу;
  • республикалық және басқа да көрмелерге қатысу;
  • 5 миллион теңгеге дейін мемлекеттік грант алу мүмкіндігі.

Неліктен бұл маңызды?

Әрбір бірегей өнімнің артында жеке адам, оның еңбегі мен ісіне деген сүйіспеншілігі тұр. БАБӨ тек тауар туралы емес, ол – дәстүрді сақтап, жаңашылдық енгізіп, өңірдің келбетін қалыптастыратын адамдар жайында.

Ауылдық аумақтар үшін бұл жоба – дамуға бастар жол. Өңірлерде жаңа жұмыс орындары ашылып, кооперациялар дамиды, ал, жергілікті өнімдер ұлттық және халықаралық деңгейде танымал брендке айналады.

Бүгінгі нәтиже

2025 жылы еліміздің 13 өңірінде бренд-комитеттер 39 финалисті таңдады. Алда қалған 7 өңірде – Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Алматы, Түркістан облыстарында және Астана мен Алматы қалаларында отырыстар өтеді. Финалистердің әрқайсысының алдында жаңа мүмкіндіктер тұр. Олар – шағын ауылда да сапалы әрі мақтанышқа лайық өнім жасап, оны бүкіл елге таныстыруға болатынын көрсететін жарқын мысалдар.

«Бір ауыл – бір өнім» – бұл шағын бастамалардан үлкен бренд қалыптастыратын ауқымды жоба. Ол жергілікті өнімдерді нарықта лайықты орын алуға жетелейді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174