«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы мен Astana Invest өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

2025 жылғы 01 Тамыз
- Астана қаласы
626 просмотров

Елордада Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы мен «AstanaInvest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат инвесторларды қолдау, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және медиация тетіктерін дамыту жөніндегі бірлескен әрекеттерді көздейді.

Меморандумға Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңіс Тайшытаев пен «AstanaInvest» басқарма төрағасы Асхат Бекеев қол қойды.

Ынтымақтастықтың басты мақсаты - кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысатын даулы жағдайларды шешуге арналған тиімді алаң қалыптастыру және баламалы тетіктерді дамыту. Тараптардың пікірінше, елордадағы серпінді экономикалық өсу жағдайында бизнес пен қолдау институттары арасында ашық диалог орнату, жеке сектор өкілдерінің құқықтарын қорғау және құқықтық мәдениетті арттыру ерекше маңызға ие.

Меморандум аясында бірлескен форумдар, дөңгелек үстелдер, консультациялар мен түсіндіру шараларын өткізу жоспарлануда. Негізгі назар әкімшілік кедергілерді азайту, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу рәсімдерін жетілдіру және кәсіпкерлерге құқықтық қолдаудың тиімді тетіктерін енгізуге бағытталады.

Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты - аналитикалық, нормативтік және әдістемелік ақпарат алмасу. Бұл жүйелі мәселелерді жедел анықтауға, оларды шешу жолдарын ұсынуға, сондай-ақ инвестициялар саласындағы басым бастамаларды ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Астаналық Кәсіпкерлер палатасы мен «AstanaInvest» арасындағы әріптестік – елордада сенімді нығайтып, іскерлік ортаны жақсартуға және тұрақты экономикалық дамуға негіз болар маңызды қадам.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер