«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстандағы импорттық цемент: бизнес-қауымдастық тең сауда жағдайларын талап етуде

2025 жылғы 22 Мамыр
758 просмотров

Цемент нарығындағы тең емес бәсекелестікке қатысты фактілер Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Өңдеу өнеркәсібі комитетінің отырысында қаралды. Сала өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта цемент өткізу тәжірибесі импорттаушыларға негізсіз артықшылықтар беріп.

Сөз портландцемент, сазбалшықты, қож цемент, суперсульфатты және осыған ұқсас гидравликалық цементтер жайлы болып отыр. Бұл өнімдер биржалық тауарлар санатына жатады және бекітілген тізімге сәйкес, тауардың шыққан еліне қарамастан, тек қана тауарлық биржалар арқылы, ең төменгі 60 тонна көлемімен сатылуы тиіс.

Алайда, бизнес өкілдерінің айтуынша, импорттық цемент Қазақстанда аталмыш тәртіпті айналып өтіп сатылады. Тауарлық биржалардың электронды сауда жүйелері тек отандық өнім бойынша мәмілелерді тіркейді, ал импорттық цемент биржа арқылы өткізілмейді. Бұл жағдай сауда тәжірибесімен де, ресми статистикалық деректермен де расталып отыр.

«Импорттық цементтің бір граммы да тауарлық биржалар арқылы сатылған жоқ. Цементті биржа арқылы сату шығындары миллиондаған теңгеге жетеді. Импорттаушылар бұл шығындарға ұшырамайды, нәтижесінде импорттық нарық көлеңкеде жұмыс істеу қаупі бар», – деді «QazCem» Цемент және бетон өндірушілері қауымдастығының төрағасы Ербол Ақымбаев.

Оның айтуынша, экономикалық контрабанданың анықталған фактілері бар.

«Қазақстандық бизнес үшін заңды сұрақ туындайды: неге өз елімізде тұра, осалдық танытып отырмыз. Мемлекеттік орган тауардың биржадан тыс сатылғанын анықтаса да, ешқандай шара қолданылмайды», – деп жалғастырды кәсіпкер.

Ұлттық статистика бюросы мен Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша, 2024 жылы Қазақстанға цемент импорты 935 мың тоннаны құрады (2023 жылмен салыстырғанда 29%-ға артық). Импортталған өнімнің жалпы құны – 60,1 млн доллары. Бұл көлемдер ұлттық рұқсат құжаттары жүйесінде тіркелген сәйкестік сертификаттарымен де расталған.

Өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрағасы Қанат Ибраевтың айтуынша, отандық бизнес әуелден теңсіз жағдайда қалып отыр.  Импорттық цемент жеткізіліміне биржалық талаптар қолданылмайды, ал отандық өндірушілер барлық ережелерге бағынуға, соның ішінде артық шығындар мен әкімшілік кедергілерге төзуге мәжбүр.

Жиында сөз алғандардың пікірінше, импорттық цементті міндетті түрде тауарлық биржалар арқылы сату салық түсімдерін арттырып, цемент нарығына цифрлық бақылау енгізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты ҰКП 2025 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа биржалық реттеу нормаларына дайындық жүргізу үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ресми хат жолдайтын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер