«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астанада Қазақстан мен Хорватияның іскерлік кеңесінің екінші отырысы және Бизнес-форум өтті

2025 жылғы 23 Сәуір
884 просмотров

Бүгін Қазақстан-Хорватия Іскерлік кеңесінің екінші отырысы және Бизнес-форум өтті. Іс-шараға Қазақстан мен Хорватияның жоғары лауазымды өкілдері қатысты: ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және Хорватия Республикасының Сыртқы және еуропалық істер министрі Гордан Грлич-Радман. Сондай-ақ шараға Қазақстан Сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Қарымсақов, Хорватия Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Игорь Показ, тиісті министрліктердің, елшіліктердің және екі елдің іскер топтарының өкілдері қатысты.

ҚР СІМ басшысы бүгінгі іс-шараны Қазақстан мен Хорватия арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған саяси диалогты жандандырудың бастамасы болатынын баса айтты. Стратегиялық диалогты жалғастыра отырып, Гордан Грлич-Радман екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетіне сенім білдірді.

«Хорватия Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі серіктес ретінде қарастырады – саяси да, экономикалық тұрғыдан да. Соңғы бірнеше жылда екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың нығая түскені қуантады және өзара сауда көлемі өсе беруде», – деді ол.

Мұрат Қарымсақовтың айтуынша, бүгінде елдер арасында сенімге, ашықтыққа және ортақ мүддеге негізделген берік әрі өзара тиімді байланыс орнату бұрынғыдан да маңызды.

«Қазақстан негізінен мұнай өнеркәсібінің өнімдерін, металлургия және машина жасау салаларын экспорттайды. Қазіргі таңда елімізде құрылыс, тамақ өнеркәсібі, кәсіби және ғылыми-техникалық қызмет салаларында хорват капиталы бар 32 кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Олардың қатарында «Подравка», «JGL», «Плива», «BELUPO», «Инфобип», «Шимунич Промет» және басқа да компаниялар бар», – деді ол.

Өз кезегінде Игорь Показ Хорватия мен Қазақстан арасындағы сауда айналымының тұрақты өсімін атап өтті.

«Біз хорват өнімдерінің – азық-түлік, косметика, фармацевтика және технологиялардың экспортының үміт ұялатарлық өсуін байқаудамыз. Бұл өзара сауда құрылымының әртараптанып жатқанын және екі жақты бизнес үшін жаңа мүмкіндіктердің пайда болғанын көрсетеді», – деді ол.

Айта кетейік, іс-шараға Қазақстан тарапынан жеке сектордың 60-тан астам компаниясы, ал Хорватиядан 30-ға жуық компания өкілдері қатысты. Талқылау барысында өндіріс, бизнес локализациясы және бірлескен инвестициялық жобалар саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Форум аясында қатысушыларға Қазақстанның Ұлттық цифрлық инвестициялық платформасының мүмкіндіктері және шағын және орта бизнесті қолдау қызметтері таныстырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер