«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіптік кешені Салалық Кеңесі отырысы өтті

2025 жылғы 15 Сәуір
- Ақтөбе облысы
236 просмотров

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында Агроөнеркәсіптік кешені Салалық Кеңесінің отырысы өтті. Отырысты Құрманалин Сағынғазы Даниярұлы, «Ақтөбе облысының сүт және сүт өнімдерін өндірушілерінің қауымдастығы» ЗТБ Төрағасының орынбасары, Салалық кеңес төрағасы жүргізді. Хатшы ретінде Алдабергенов Арман Язитұлы, Кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіптік кешені бөлімінің басшысы, қызмет атқарды. Отырыста салалық кеңес мүшелері, Палатаның директоры Дидар Боранқұлов және мемлекеттік органдар, қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде бірнеше маңызды мәселелер қаралды. Бірінші кезекте, ауыл шаруашылығы жануарларының экспортына квоталар бөлуде аралық ақпараттың орналастырылуына қатысты сұрақ көтерілді. Палатаның АӨК бөлімі мен «ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясы» ММ бірлесіп, ауыл шаруашылығы жануарларын экспортқа шығару кезеңінде шектеулер туралы алдын ала ақпарат алу мүмкіндігін арттыруды ұсынды. Министрлік интернет-ресурсында квоталар бойынша ағымдағы ақпаратты орналастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, карантинге қойылған жануарлардың санының резервін қалыптастыру және өңірлер арасында квоталарды біркелкі бөлу ұсынылды.

Шегірткеге қарсы күрес мәселесі бойынша «ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақтөбе аумақтық инспекциясы» ММ шегірткеге қарсы химиялық өңдеу алгоритмін әзірлеп, оны барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ауыл шаруашылығы құрылымдары арасында тарату жөнінде ұсыныс жасады.

Селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстармен айналысатын фермерлерді ынталандыру мәселесі бойынша, Кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіптік кешені бөлімі мен «Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ бірлесіп, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға арналған субсидияларды АЕК-ке негізделген төлемдерге ауыстыру мәселесін пысықтады. Бұл өзгерістер фермерлерді ынталандырып, өнімділікті арттыруға бағытталады.

Шетелдік жұмыс күшіне қатысты алымдар мөлшерлемесінің айырмашылығы сұрағы бойынша: Кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіптік кешені бөлімі мен «Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ маусымдық шетелдік жұмысшылар мен үй шаруашылығына тартылатын еңбек иммигранттары арасындағы алым мөлшерлемелеріндегі айырмашылықты теңестіру мәселесін қарастыруды ұсынды.

Ақтөбе облысының жерді аймақтарға бөлу бойынша ұңғымаларды бұрғылау мәселесі. Палата бөлімі, «Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасы», «Ақтөбе облысының жер қатынастары басқармасы», «Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» ММ бірлесіп, өңірдің табиғи-климаттық және гидрогеологиялық жағдайларына байланысты ұңғымаларды бұрғылау тереңдігіне сараланған тәсілді қарастыруды және геологиялық қызметтердің тиісті қорытындысы болған кезде тереңдігі 50 метрден асатын ұңғымаларды субсидияланатын объектілер тізбесіне енгізуді пысықтау ұсынды.

Сонымен қатар, «Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ «ҚазАгроҚаржы» АҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалымен бірлесіп, қарыз шарттары мен оларға қосымша келісімдерді ресімдеу барысында бекітілген ережелерге сәйкес ресімдеуді пысықтау ұсынылды. Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіптік кешені бөлімі «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының орталық аппаратына заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарау мерзіміне қатысты ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша өтініштерді қарау мерзімін 15 жұмыс күнінен 15 күнтізбелік күнге дейін қысқартуды пысықтау ұсынысын енгізді.

Отырыста ұсынылған барлық мәселелер қаралып, олардың жүзеге асырылуы кәсіпкерлердің тиімді жұмыс істеуіне және агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына оң әсерін тигізеді деп күтілуде.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер