«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жолдау-2024: Президент адал ниетті шаруаларды қолдады

2024 жылғы 04 Қыркүйек
7069 просмотров

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жолдауында алдағы кезеңге арналған саяси және әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары туралы көзқарасын ұсынды.

Президент өз үндеуінде заңнаманы бұза отырып, әкімдіктер берген жерлерді алып қою мәселесін назардан тыс қалдырмады. Соның салдарынан бүгінде адал жер пайдаланушылар зардап шегіп жатқанын жеткізді.

«Егер Жер заңды бұза отырып алынса және пайдаланылмаса, онда пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша  мемлекетке қайтарылуы тиіс. Ал, жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн», - деп атап өтті Президент.

Шұғыл шешімді талап ететін мәселені Ұлттық кәсіпкерлер палатасы уәкілетті органдар алдында бірнеше рет көтерді.

ҰКП бастамасы бойынша вице-премьер Нұрлан Байбазаровтың төрағалығымен өткен бизнес-қауымдастықтың проблемалық мәселелерін қарау жөніндегі жиында көтерілгеннен кейін мәселе орнынан қозғалды. Атап айтқанда, ҰКП ұсынысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне 1 қыркүйекке дейінгі мерзімде жергілікті атқарушы органдардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне құқықтар беру және нақты ұсыныстар әзірлеу туралы шешімдерінің күшін жою практикасын талдау үшін жұмыс тобын құру тапсырылды. 

Бұл ретте, жұмыс тобы шешім жолдарын әзірлегенге дейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне конкурстық рәсімдерсіз берілген, бірақ мақсаты бойынша пайдаланылатын жер учаскелеріне құқық белгілейтін құжаттардың күшін жоюды тоқтату тапсырылды. Сондай-ақ соттан бұрын берілген талаптарды қайтарып алуды қамтамасыз ету айтылды.

Айта кетейік, тиісті тапсырмаларға қарамастан, соттарға талап-арыз беру бүгінгі күні тоқтатылған жоқ, бұрын берілген талап-арыздарды кері қайтарып алу қамтамасыз етілмеген. Бұл дегеніміз, күн сайын жерді пайдаланушылардың жер учаскелерін пайдалану құқығынан айыру тәуекелдерін одан әрі арттырады.

«Атамекен» ҚР ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаментінің басқарушы директоры Назира Үсенова шаруа және фермер қожалықтарынан, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен жер алынатынын атап өтті. Жылдар бойы жергілікті атқарушы орган тарапынан кеткен олқылықтарға байланысты адал ниетті бизнес-қауымдастық зардап шегуде.

«Кәсіпкерлік субъектілерін жер учаскелерінен айыру бүгінде ауылда жұмыс орындарын қамтамасыз ететін, салық төлейтін, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысатын жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды таратуға алып келеді. Біз Президенттің өз уақытында жер конкурссыз берілсе де, қолданыстағы өндіріске бөгет жасауға болмайтынын түсінгеніне қуаныштымыз және мұндай жерлерді жаппай алып қою тәжірибесі қайта қаралады деп үміттенеміз», – деді Үсенова.

Оның айтуынша, Ұлттық палата жұмыс тобына кандидатураларды жолдады. Аталған жұмыс аясында жергілікті атқарушы органдардың заңсыз қабылданған шешімдерін жою тәжірибесіне жан-жақты талдау жүргізіліп, проблемаларды шешудің нақты жолдары әзірленуі тиіс.

«Атамекен» адал кәсіпкерлердің мүдделерін қорғай отырып, аталған жұмысқа белсене қатысуды жалғастыруға дайын екенін мәлімдейді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер