«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылордада «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жергілікті тауарөндірушілердің көрмесі өтті

2024 жылғы 29 Шілде
- Қызылорда облысы
5806 просмотров

Сыр өңірінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйытқысымен өтетін «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың көрмесі өтіп, оған Қызылорда қаласы мен өңірдің барлық ауданынан 50-ге жуық кәсіпкер қатысты. Кәсіпкерлер ет-сүт өнімдерін, құрылыс материалдарын, қолөнер бұйымдарын, киіз бұйымдарын, тәттілер мен басқа да тауарларды бәсекеге қабілетті бағамен ұсынды. 

Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, сондай-ақ Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) сарапшысы Акихиса Харагучи жиынға қатысушылардың өнімдерімен танысты.

 А.Зебешев барша қатысушыларды құттықтай отырып, облыс басшылығы жылдан жылға саны артып келе жатқан кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге әрқашан дайын екенін атап өтті.

 «Біз үшін жұмыс жасайтын әрбір кәсіпкер маңызды және оларға жұмысты жүргізу үшін ең жақсы жағдайларды жасауға тырысамыз. Былтыр облыста өткен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының көрмесіне 22 кәсіпкер қатысқан болса, биыл олардың саны
2 есеге артқанын көріп отырмыз. Бүгін  49 кәсіпкердің өнімімен таныстық. Шараға белсенді қатысқан кәсіпкерлерімізге алғыс білдіремін. Сіздерді алдағы уақытта да  мемлекеттік қолдау шараларын  тиімді пайдаланып, жаңа идеяларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырамыз» деді А.Зебешев өз сөзінде.

Бұл шараға арнайы шақырылған Харагучи Акихиса өз құттықтау сөзінде Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жұмыс істеп, жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға дайын екенін жеткізді.

«Маған Сыр елінің қонақжайлылығы, жаңашылдықты үйренуге деген құлшынысы, ашықтығы мен еңбекқорлығы қатты ұнады. Өңірден шығатын өнімдерді тек республика көлемінде ғана емес, өзге де ел нарығына шығаруға әлеуеті бар екеніне көзім жетті. Біз сіздердің тауарларыңыздың сапасын арттырып, оларды әрі қарай жылжытуға көмектесуге дайынбыз», - деді А.Харагучи.

Әрі қарай көрмеге қатысушылардың жобалары өңірлік бренд комитетінің отырысында қаралып, оның қорытындысы бойынша жеңімпаздар өз өнімдерін одан әрі экспорттау мақсатында нарықта өзін танытуға мүмкіндік алатын болады.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі


Еншілес ұйымдар

Серіктестер