«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында стоматологиялық клиникалар бойынша санитариялық нормалар түсіндірілді

2024 жылғы 24 Мамыр
- Ақтөбе облысы
6785 просмотров

Облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері жеке стоматология иелерімен кездесті. Кәсіпкерлерге стоматологиялық емханалар мен кабинеттерді күтіп-ұстауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар бойынша нұсқау берілді.

Бұл талаптар ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 11 тамыздағы № ҚР ДСМ -96/2020 бұйрығымен бекітілген «Денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының 9-тарауына көрсетілген.

 2023 жыл және 2024 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауының бақылауында 157 стоматологиялық ұйым бар, деп хабарлады Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аурухана ішіндегі инфекцияларды бақылау бөлімінің басшысы Гауһар Игілікова.

 «Тіс емдеу емханалары шағын кәсіпкерлікке жататындықтан 2020 жылғы 1 қаңтардан мұндай нысандар ҚР-да тексерулер мен профилактикалық бақылау мен қадағалауға мораторий енгізу туралы» ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 229 Жарлығына сәйкес жоспарлы тексеруге жатпайды. Биыл «Әәлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының шағымы негізінде жоспардан тыс тексеру екі стоматологиялық клиникаға жүргізілетін болды.

Сарапшының айтуынша,   стоматологиялық ұйымдар эпидемиялық маңызы жоғары объектілерге жатады. Осыған байланысты, стоматологиялық кабинет немесе клиника ашу үшін рұқсат құжаттар қажет. Атап айтқанда, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу талап етіледі.

«Тұрғын үйлердің 1-қабатында ауысымына 100 келушіден аспайтын стоматологиялық клиникалар мен кабинеттерді орналастыруға рұқсат етіледі. Стоматологиялық ұйымдар ғимараттарының жертөле және жертөле қабаттарында ашуға жол берілмейді. Барлық стоматологиялық ұйым орталықтандырылған суық, ыстық су және жылумен жабдықталуы тиіс», - деді Гауһар Игілікова.

Тексерулерге келетін болсақ, жоспардан тыс тексеру өтініш пен жедел хабарлама бойынша болуы мүмкін. Яғни, пациент клиника қызметіне көңілі толмай, шағымданатын болса, онда жоспардан тыс тексеру болады.  Бұл жағдайда СЭҚ органдарының аумақтық мамандары тексеруді прокуратурада тіркейді және жоспардан тыс тексеруге шығады.

Кәсіпкерлер арасында өткен бұл түсіндіру жұмысы маңызды шара. Түсіндіру облыстық әкімдік, прокуратура және Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы арасында шағын бизнесті тексеруге мораторийдің аяқталуына байланысты кәсіпкерліктің туындайтын мәселелерін шешуге жәрдемдесу және түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөніндегі бірлескен іс-шаралардың үшжақты қол қойылған жоспарын орындау шеңберінде жүргізіледі.

 Келесі аптада, 28 мамырда сағат 10:00-де Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының алаңында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті спорттық-сауықтыру мақсатындағы субъектілер, моншалар, сауналар, бассейндер мен шаштараздар, сұлулық салондары, косметологиялық орталықтарға косметикалық қызмет көрсететін нысандар талабы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарланған. 

Өтетін орны: Ақтөбе қаласы, Сәнкібай батыр даңғылы, 22 К, 1-қабат, «Атамекен» өңірлік конференц  залы. Анықтама телефоны: +7 702 567 8011.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер