«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан-Малайзия инвестициялық дөңгелек үстелі өтті

2024 жылғы 17 Мамыр
3190 просмотров

Дереккөз: https://t.me/KZgovernment

Бүгін Астанада ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Малайзия Премьер-Министрі Ануар Ибрагим қос елдің бизнес-қоғамдастықтары мен ғылыми топтары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Малайзия инвестициялық дөңгелек үстелі өтіп, бірнеше   бірлескен жобалар туралы келісімдерге қол қойылды.

Жиында экономиканың басым салаларындағы ынтымақтастықты арттыру перспективалары талқыланды.Қазақстан Үкіметінің басшысы Малайзия еліміздің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі сауда-экономикалық әріптестердің бірі екенін атап өтті.

«Біздің мемлекеттеріміздің арасындағы тығыз саяси диалог өзара серіктестіктің берік негізін қалайды. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сіздің кешегі кездесуіңіз екіжақты қарым-қатынастардың дамуындағы маңызды тарихи кезең болды. Қазақстан Үкіметі жоғары деңгейде қабылданған барлық уағдаластықтарды іске асыруға дайын екенін білдіреді», - деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ, Олжас Бектенов Қазақстанның Малайзияға экспортты әртараптандыру ниеті туралы мәлімдеп, малайзиялық кәсіпкерлерді қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі, қаржы, білім беру, жер қойнауын пайдалану, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларындағы серіктестігін нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін бірлесіп зерделеуге шақырды. Бүгінде Қазақстанда малайзиялық капиталдың қатысуымен 48 компания жұмыс істейді. Жалпы сомасы $410 млн-нан астам 17 бірлескен инвестициялық жоба іске асырылуда.  

Өз кезегінде Малайзия Премьер-Министрі Ануар Ибрагим мемлекетаралық іс-қимылдың оң динамикасы жайын айтты. Соңғы жылдары екі ел арасындағы тауар айналымының өсімі 30%-дан асқан. Малайзия Қазақстанмен туризм, білім беру, энергетика салаларында, сондай-ақ қазақстандық халал өнімдерді жеткізу саласында ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Одан бөлек, әлеуеті басым бағыттар бойынша бірлескен жобалар санын көбейту қажеттігі атап өтілді.

Дөңгелек үстелге қатысушыларға Қазақстанда еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жүйелі шаралардың іске асырылуы туралы айтылды. Инвесторларға салық және кедендік жеңілдіктер беріледі, консалтингтік және инфрақұрылымдық қолдау көрсетілуде.

Жиында сөз алған «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов екі ел арасындағы бизнес қатынастарды одан әрі нығайту үшін ауқымды жұмыстарды малайзиялық әріптестерімен бірлесе атқаруға келіскендіктерін жеткізді.

«Екі елді Азия мен Еуропа арасындағы сауда көпір деп атасақ болады. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Қазақстан ТМД мен Орталық Азияның кеңейтілген нарығына шығуды қамтамасыз етеді. Ал, Малайзия өз кезегінде Оңтүстік-Шығыс Азия аймағында мықты сауда байланыстарына ие. Сондықтан сауда қарым-қатынасымызды нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерімізді қарастыруымыз керек», - деді Райымбек Баталов.

Дөңгелек үстел аясында қазақстандық және малайзиялық бизнес өкілдері нақты келіссөздер жүргізді. Малайзия Парламентінің сенаторы, Ұлттық кәсіпкерлер және индустрия палатасының (NCCIM) президенті Лоу Киан Чуан Қазақстанның Малайзияның Орталық Азия аймағындағы маңызды әрі ең үлкен стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.

Дөңгелек үстел алаңдарында инвестициялық байланыстарды тереңдету және жаңа нарықтарды бірлесіп игеру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді және жалпы сомасы $350 млн асатын келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Ислам қаржысын және сауданы дамыту, сондай-ақ азық-түлік өнеркәсібі, тау-кен салаларына инвестициялар тарту, алтын өңдеу және трансформатор мен автомобиль майын бірлесіп өндіру салаларында ынтымақтастық орнату жоспарланған.

Айта кетейік, бір жыл ішінде екіжақты тауар айналымы $150 млн-нан шамамен $245 млн-ға дейін өскен. Негізі мақсат – экономикалардың қолда бар әлеуетін ашу және екіжақты сауда көрсеткішін пандемияға дейінгі $650 млн-нан асыру.  

Келіссөздерді жүзеге асыру қос елдің ынтымақтастықтығын одан әрі нығайту жолындағы маңызды қадам болмақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер