«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырауда Мемлекеттік қызмет көрсету саласында құқық бұзушылықтардың көбі жер мәселелерімен байланысты

2022 жылғы 15 Ақпан
- Атырау облысы
14987 просмотров

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті жанынан құрылған ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында айтылды.

Департамент басқарма басшысы Данияр Алтыбайдың айтуынша, өткен жылы жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың өңірлік бөлімшелерінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасына 64 тексеру жүргізілген.

 «2021 жылы департамент жүргізген тексерулер кезінде мемлекеттік қызмет көрсету саласында 1899 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде,  шамамен 40 пайызы – жер қатынастары саласына, 32 пайызы – мүліктік және зияткерлік құқық саласына, 10 пайызы – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына тиесілі», – деді Данияр Алтыбай.

 Жер қатынастарындағы құқық бұзушылық салдарынан жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да зардап шегетінін тәжірибе көрсетті. Жер мәселесі – бизнесті қорғау желісі бойынша Атырау облысы кәсіпкерлер палатасына келіп түсетін негізгі өтініштер қатарында.

 «Жыл сайын келіп түскен барлық өтініштің 30 пайызы жер қатынастарына қатысты. Жақында осы мәселе Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында қаралды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті арасында меморандум жұмыс істейді. Бұл құжат аясында кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша бірлескен жұмыс жүргізіледі», – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының мүшесі, Атырау облысы бойынша Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл секторының меңгерушісі, ӨКП директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев.

 Жиынға қатысушылар күн тәртібіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар, қорғаныс істері жөніндегі департамент және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының мемлекеттік қызметтерді атқару жөніндегі 2021 жылғы жұмыс есебімен танысып, түйткілді мәселелерді талқылады.

 Жиын соңында Сәрсенбай Жолдыбаев Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басқарма басшысы Данияр Алтыбайға Қазақстанның бизнес-омбудсмені Рустам Жүрсіновтың атынан кәсіпкерлердің құқығын қорғау ісіне қосқан үлесі үшін алғыс хат табыс етіп, жалпы департаментке бірлескен жұмысы үшін ризашылығын білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер