«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылорда облысында кәсіпкерлерден түскен шағымның үштен бірі жер қатынастарына қатысты болды

2022 жылғы 27 Қаңтар
- Қызылорда облысы
9382 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына былтыр бизнес өкілдерінен құқығын қорғау бойынша 136 өтініш түскен. Осы  өтініштердің 44-і жер қатынастары қатысты болды.  

 

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың  жаңа тұжырымдамалық жобасын талқылау барысында айтты.

 

«Жалпы  2021 жылы Палатаға кәсіпкерлерден 541 өтініш түсті.  Оның 136-сы – бизнесті қорғау бағытындағы шағымдар. Сарапшылар түскен өтініштердің 40 пайызында оң шешімге қол жеткізе алды. Нәтижесінде мыңнан аса кәсіпкердің құқығы қорғалды. Осы жерде атап өтетін мәселе, 136 өтініштің 44-і жер қатынастарына қатысты болды. Бұл – алаңдатарлық жайт. Кәсіпкерлердің проблемасы өте көп. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары 1-2 салаға тоқтап кетейін», – деген Палата басшысы шарада проблемаларға тоқталды.   

 

Палата директорының айтуынша, жер қатынастары саласындағы заңнамаға сәйкес аукцион өткізілетіні туралы алдын ала кәсіпкерлер хабардар етілуі керек. Бірақ қала, аудан әкімдіктері бұқаралық ақпарат құралдарында да, кейде ресми интернет-ресурстарында да жарияламайды екен. Жер комиссиясы отырыстарының ашықтығын қамтамасыз ету үшін аудио, бейнежазбасы жүргізілу керек, жергілікті атқарушы органдар бұл талапты да орындамай отыр.

 

«Аукцион жарияланғанда жер учаскелерінің нақты мекенжайы көрсетілген орналасу сызбасы қоса жариялану қажет. Бұл талап та орындалмай, сол жағалаудан жер алған кәсіпкерлердің кейбірі тіпті ұтқан жерлерінің қайда орналасқанын да білмейді. Былтыр 2 қарашада Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі облыстық штаб отырысында қала әкіміне бекітілген егжей-тегжей жоспарлау жобасына сәйкес келмейтін, сауда-саттық арқылы жалға берілген 72 жер учаскесін қолданыстағы заңнама аясында мемлекет меншігіне қайтару бойынша шараларды қабылдау тапсырылды. Бұл жерде аукционға заңды қатысқан кәсіпкерлердің құқығына нұқсан келіп отыр», – деген Ғалымбек Жақсылықов аймақ басшысынан осы мәселеге мән беріп, жауапты мемлекеттік органдарға нормативтік-құқықтық акті бойынша талаптардың орындалуын тапсыруды сұрады.

 

Бұдан бөлек Кәсіпкерлер палатасының басшысы агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидия мәселесін көтерді. Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, саладағы бюрократиядан, ақпараттық жүйелердің күрделілігі мен талаптарда кездесетін қиындықтардан кәсіпкерлер зардап шегіп отыр. Субсидияға берілген қаржы бірнеше жылдан кейін «құжаттарда қателік кетті» деген желеумен қайта қайтаруды талап етілуі мүмкін.

 

«Сондықтан, тексеруші органдарға (Қаржы полициясы, Прокуратура, Ішкі аудит қызметі т.б. органдар) субсидияның заңсыз берілуін тексеру барысында кәсіпкерлерге мейлінше зияны тимейтін жағын қарастыру ұсынылады. Біздің жағдайымызда субсидия алған кәсіпкердің емес, оған дейін құжаттарын тексеріп қабылдап алған жергілікті атқарушы органның қателігі болып отыр. Әрі қарай заң шығарушы органдарға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға қатаң ұсыныс жасап, соларды өзгертуге ықпал етуіңізді сұраймын», – деді ол.

 

Отырыста Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов «Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат» тұжырымдамасын қабылдау барысында заңнамалардың орындалуын қатаң бақылауды және көтеріп отырған салалардағы әкімшілік кедергілерді жоюға қатысты ұсыныстардың ескерілуін сұрады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер