«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер назарына: Жем-шөпке кететін шығын жергілікті бюджеттен субсидияланатын болды

28 Қазан 2020 - Қызылорда облысы
1022 просмотров

Бүгін біз ауылшаруашылығы саласындағы субсидиялар туралы айтпақпыз. Сауалдарымызға Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің бастығы Жасұлан Серіков жауап береді.

- Жасұлан, сәлеметсіз бе. Биыл ауылшаруашылығы саласына мемлекет тарапынан берілетін субсидияларда өзгерістер бар ма? Әсіресе, соңғы кезде өңір кәсіпкерлері мал шаруашылығына қатысты көбірек сұрап жүр.

-  Сәлеметсіз бе. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы секторын қолдауға арналған субсидиялар жеткілікті. Ережесін шығаратын Ауыл шаруашылығы министрлігі. Соның бірі мал шаруашылығын қолдауға арналған субсидия ережесі. Осы жылдың шілде айында өзгерістер енгізілді. Тамыз айында әр облыс өз деңгейінде қаулылар қабылдап, қыркүйектен бастап қаулыға сай жұмыс жасауда. Ереже талабында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Дегенмен, енгізілген өзгерістегі жақсы жаңалық - малды өсіруге кететін шығындардың бірі жем-шөбіне, яғни азыққа кететін қаржыны субсидиялау. Егер де бір кәсіпкерде елу бастан асатын ірі қара мал болса, оның әр басына жем-шөбі үшін жергілікті бюджеттен 30 мың теңге субсидия төленетін болды. Кәсіпкердің кемінде 300 бас қойы болса, әр қойға азығы үшін 5 мың теңге субсидия қаралған. Бұл өте жақсы қолдау. Бірақ проблемасы да бар. Субсидияның бұл түрі жергілікті бюджетте ақша болса ғана беріледі, яғни республикалық бюджеттен аталмыш мақсатқа ақша бөлінбейді. Сондықтан әр облыс өзінің мүмкіндігі аясында ғана шешім қабылдайды. Ең басты мақсатымыз – кәсіпкерлерге бұл ақпаратты жеткізу. Қолдау тетіктерінің бар екендігі жөнінде хабардар болғанын қалаймыз.

- Аталмыш субсидияны алу үшін тек мал басына қатысты талапты сақтаса жеткілікті ме, әлде...?

- Сауалыңыз орынды. Бұл талаптан өзге әр малда радио толқынды биркалар – шаруалардың тілімен айтсақ «сырғалар» болуы керек. Бұрын да ол сырғалар болды. Ол биркаларда компьютермен жазылған саны ғана тұратын, бірақ олар сканерленбейді. Қазіргі Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген ереже талабына сай әр малда RFID системасы бар биркалар болуы қажет. Сол кезде ғана жем-шөпке арналған субсидияны ала алады.

- Кәсіпкерлер инвестициялық субсидияға қатысты да соңғы кезде жиі сұрауда...  

- Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан сала кәсіпкерлеріне арналған қолдаудың бірі – инвестициялық шығынға кеткен қаржының бір бөлігін субсидия ретінде қайтарып беру. Оны агроөнеркәсіптік кешендегі кәсіпкерлер «инвест.субсидия» деп те атайды. Аталмыш субсидияға қатысты 1 тамызда ереже талабына өзгерістер енгізілді. Қазір жаңа ереже қолданыста. Соның ішінде бірнеше өзгерістер бар. Жалпы, инвестициялық субсидия дегеніміз – шаруашылықтың техникаға немесе қондырғыға кеткен шығынының бір бөлігін 25 пайыздан 50 пайызға дейінгі мөлшерде мемлекеттің субсидия арқылы қайтарып беруі. Бұрын мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар үшін шаруашылығындағы шопанға арналған вагон, күн паннелі және су ұңғымасына кеткен шығынның 80 пайызына дейін субсидияланатын. Жаңа ережеге сай, күн паннеліне кеткен шығын субсидияланбайтын болды, ал вагон мен су ұңғымасына кеткен шығын 50 пайызға дейін субсидияланатын болды. Алғашында ереженің жобасында 25 пайыз деп көрсетілген болатын. Біз кәсіпкерлердің ең болмаса 50 пайызға дейін субсидиялауды көтеруді сұраған өтініштерін Орталық аппаратқа, министрлікке жолдадық. Нәтижесінде өтінішіміз қабылданды.

- Жалпы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жобаларды біздің өңірде қандай қаржы институттары қаржыландыруда?

- Ауыл шаруашылығымен айналысқысы келіп, мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алғысы келетін азаматтар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалына, «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалына, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығына жүгінулеріне болады. Аталмыш қаржы институттары бүгінде мал және егін шаруашылықтарына қатысты жобаларды қаржыландыруда.

- Сұхбатыңызға рахмет. Жақсы, сау болыңыз.


Серіктестер