«7-20-25» бағдарламасын қалай жандандыруға болады?
Бағдарлама бойынша жаңа пәтерлерге сұраныс ұсыныстан жоғары.
Қазақстан Президентінің тапсырмасына сәйкес ипотекалық несие беру «7-20-25» бағдарламасы 2018 жылдың 31 мамырында бекітілді, алғашқы қарыздарды беру шілде айында басталды.
2018 жылғы 20 қыркүйектегі жағдай бойынша банктер 30,2 млрд.теңге сомаға қарыз алуға 2 526 өтінім қабылдады. Оның ішінде 20,2 млрд. теңге сомаға қарыз беруге 1 695 өтінім мақұлданды.
Сонымен қатар, «Атамекен» ҚР ҰКП Экономика және талдау департаментінің хабарлауынша, бүгінгі таңда пәтер алуға деген сұраныс жоғары. Нарықта сатып алынатын тұрғын үйге белгіленген талаптарға сай келетін дайын пәтерлер жеткіліксіз.
Анықтама: бағдарлама талаптарына сәйкес жаңа тұрғын үй құрылыс салушыдан сатып алынуы тиіс және құны 25 млн.теңгеден (Астана, Алматы, Шымкент, Атырау және Ақтау қалаларында) және басқа өңірлерде 15 млн. теңгеден аспауы тиіс.
«Жалпы, бағдарлама бойынша құрылыс салушылардан ұсыныстар шектеулі. Мысалы, Астана қаласындағы бір ірі құрылыс салушының портфелінде бағдарламаға дайын 5 пәтер ғана қалған», - деп хабарлады «Атамекен» ҚР ҰКП Экономика және талдау департаментінің басқарушы директоры Нұрлан Сақуов.
«Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ-ның Бағдарлама операторының мәліметтері бойынша биылғы жылдың шілде айында елімізде 3 мыңға жуық пәтер ғана бағдарлама шарттарына сәйкес келген. Олардың жартысын тұрғындар бағдарлама бойынша сатып алған, осылайша ұсыныс сұраныстан қалып қойған.
«Пәтерлер қымбат емес, әсіресе шағын көлемдегі пәтерлер, құрылыс кезінде сатып алынады. Нысан пайдалануға берілген кезде пәтерлердің шектеулі ғана саны қалады, ал банктер бағдарламаның шарттары бойынша кепілге қабылдайды және пайдалануға берілген объектілерге ғана несие береді. Нәтижесінде негізгі мәселе - бағдарлама тек дайын тұрғын үйге ғана несие береді, ал жаңа тұрғын үйдің 90% - на дейін, бізге «Баспана» түсіндіргендей, құрылыс кезеңінде іске асырылады», - деді Нұрлан Сақуов.
Осыған байланысты көптеген құрылыс компаниялары бағдарламаға үлестік құрылыс объектілерін қосуды ұсынады. Бұл тәсілді қазір «Баспана» бағдарламасының операторы нарықпен талқылауда.
«Сонымен қатар, егер Астанада пәтер 25,7 млн.теңге болса, клиент сомадағы айырмашылықты төлеуге дайын болса да, сіз бағдарламаның шарттарына сай келмейсіз. Сондықтан, клиент жетіспейтін соманы қосуы үшін, пәтер құны бойынша емес, ипотекалық қарыз сомасы бойынша шектеу қойған дұрыс болар еді», - деп есептейді спикер.
Үшіншіден, жеке құрылыс компаниялары Алматы және Астана қалаларында коммерциялық тұрғын үйлерді жиі салатынын атап өту қажет, ал өңірлердегі белсенділік әлдеқайда төмен. Осыған байланысты, өңірлердегі алғашқы тұрғын үй бойынша ұсыныстар санын арттыру жолында «Баспана» жергілікті әкімдіктерге бағдарлама бойынша үй салу үшін 150 млрд.теңге бөлуді жоспарлап отыр. Қазір кейбір мәселелер әкімдіктермен пысықталуда. Бөлінген қаражат әрбір 2 жыл сайын револьверлік принцип бойынша аударылатын болады.
«Ипотекалық бағдарламаны жүзеге асырудағы тағы бір кедергі- тұрғын үй құнының өзі. Мысалы, жалданған пәтерде тұрып, 100 мың теңге еңбекақысы бар адамға бастапқы жарнаны жинақтау оңай емес. Бұл үшін Астана, Шымкент және Ақтөбе қалалары сияқты бірқатар өңірлерде әкімдік жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлері үшін бөлінген бюджет лимитін негізге ала отырып, жергілікті бюджеттен бастапқы жарнаның бір бөлігін субсидиялау туралы шешім қабылдады. Президент мұндай тәжірибені басқа өңірлерге назарға алуды ұсынды», - дейді «Атамекен» ҚР ҰКП Экономика және талдау департаментінің басқарушы директоры Нұрлан Сақуов.
Жалпы, бағдарламаны табысты іске асыру үшін бастапқы тұрғын үй құрылысын арттыру, шаршы метрдің құнын арзандату үшін жұмыс істеу қажет.
«Бүгінгі таңда бұл және басқа да мәселелер мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ҰКП алаңдарында банктер мен құрылыс салушылармен бірге талқылануда. Мемлекет басшысының тұрғын үй бағдарламасын дамыту бойынша берген тапсырмалары оған жаңа серпін беріп, тұрғын үй нарығын жандандырады», - деп түйіндеді спикер.
Жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы жаңа «7-20-25» бағдарламасы тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Ол әкімдерге жергілікті бюджеттен жеңілдетілген ипотека бойынша бастапқы жарналарды ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды, сондай-ақ облыс әкімдерінің қызметі сапасының индикаторы ретінде «7-20-25» бағдарламасын іске асыруды белгілеуді тапсырды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: