«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Талғардағы супермаркеттерде «қайырымдылық сөрелері» ашылды

2018 жылғы 03 Наурыз
- Жетісу облысы
11473 просмотров

Жоба мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге бағытталған

Алматы облысы Талғар ауданының кәсіпкерлері «Талғар Асар» атты қайырымдылық жобасын бастады. Оның аясында «Ароматный мир» супермаркет желілерінде арнайы сөрелер қойылатын болады. Сөрелерге кез келген азамат азық-түліктер мен шаруашылық заттарын сатып алып, көмекке мұқтаж азаматтарға қалдыра алады.

Аталмыш жобаны талғарлықтар қайырымдылық мәдениетін дамыту мен әлеуметтік жауапркешілікті жоғарылатуға бағытталған «Атамекенім» республикалық акциясы аясында іске асырылып отыр.

«Талғар Асар» жобасының бастамашыларының бірі - танымал кәсіпкер,  «Ароматный мир» супермаркет желілерінің директоры Сергей Майборода. Ол бизнес өкілдерін әлеуметтік басталамаларды іске асыруға белсенді қатысуы керектігін айтады.

«Біздің қаламыз бен ауданымызда әлеуметтік көмекке зәру азаматтар өте көп. Дүкенде жиналған барлық азық-түлік пен тауарларды аз қамтылған отбасыларға, мүгедек жандарға, басқа да мұқтаж адамдарға тікелей жеткізуді қарастырып отырмыз. Атаулы әлеуметтік көмек болады. Бастамамызды Талғардың өзге де қайырымды кәсіпкерлері қолдайды деп сенеміз», - деп атап өтті кәсіпкер.

«Дана» жекеменшік мектебі мен «Еркем-ай» балабақшалар желісінің директоры, Қазақстан мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қауымдастығының Алматы қаласы және Алматы аймағы бойынша филиалының жетекшісі Күләнда Батырбекованың сөзінше, игі істер жақсы әдетке айналып қана қоймай, қоғамның трендіне айналуы тиіс.

«Халқымызда «Асар» сөзі маңызды ұғымды білдіреді. Жобамызды «Талғар Асар» деп атау арқылы бір-бірімізге қол ұшын созуды ұмытпауды еске салғымыз келді. Сөрелерге «Жақсылық жасауға асығайық!» деп жазып қойдық. Өйткені қайырымдылық пен мейірімділік істерінің үлкен-кішісі жоқ», - дейді Күләнда Батырбекова.

«Талғар Асар» жобасы аясындағы сөрелерді қаладағы және Талғар ауданындағы сауда нүктелерінде де ашу жоспарланып отыр.

«Ай сайын кәсіпкерлер сөрелерді қажетті азық-түліктер мен тауарларға толтырып отырады. Қазір осындай сөрелерді басқа да сауда орындарында ашуға қызығушылықтарын білдіріп отыр. Жалпы талғарлық кәсіпкерлер ауданымыздың қоғамдық, әлеуметтік өміріне белсене ат салысып келеді. Қайырымдылық бизнес өкілдері қызметінің ажырамас бөлігіне айналған. Мысалы, Тұяқ Есқожина басқаратын «Нұр» балалар үйі кәсіпкерлердің қамқорлығына алынған. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен мүгедектер ұйымдары да кәсіпкерлердің аса маңызды назарында», - дейді Кәсіпкерлер палатасының Талғар аудандық филиалының басшысы Ержан Тұралықов.

Айта кетейік, «қайырымдылық сөрелері» осыған дейін Текелі қаласында ашылған болатын. Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен Алматы облысының бірнеше қалалары мен ауылдарында «Бәрі де рахмет үшін!» әлеуметтік дүкендері жұмыс істейді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер