Көкшетауда кәсіпкерлерге қызмет көрсететін жаңа орталық ашылды
Тұрғындар 8 түрлі сервистік қызмет алады
Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған кәсіпкерлерге қызмет көрсететін алғашқы жеке орталық ашылды. Бұған дейін аталған орталық «Даму» қорының базасында болған еді.
Кәсібін жаңа бастағандарда туындайтын мәселенің бірі келешекке жоспардың болмауы, қаржы қызметін ұйымдастырудағы қателік, бухгалтерлік есептің дұрыс жүргізілмеуі, менеджмент, маркетинг саясаты және т.б. қиындықтарды атауға болады. Көптеген кәсіпорындар бірінші жылдың өзінде-ақ қиындыққа ұшырып, бизнестерін жауып, жұмысын тоқтатқандардың санатына кіріп жатады. Енді осы және өзге де мәселелерді шешу оңай болмақ.
«Бұл факторлардың барлығы да алдағы кәсіпкерлік бастамаға әсерін тигізеді. Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін жаңа орталықтың ашылуы жұмысты оңтайландырып, кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасымен қызмет көрсету мүмкіндігін береді», – деп атап өтті Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Сұлтанов.
Кәсіпкерлерге қызмет көсрету орталығында сервистік қызметтің 8 түрі бар: бухгалтерлік, салық есебін жүргізу, статистикалық есеп дайындау, кеден процедуралары, маркетинг мәселесі, кәсіпкерлер өтінімі мен кәсіпкерлік ынтасы бар тұрғындарға сүйемелдеу қызметі, заңдық қызметтер, ақпараттық технология қызметін көрсету, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік саласында саласында кеңес беру жүзеге асырылады.
Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстары, бизнеске баулу қызметтері да қарастырылған. Барлық қызметті алу тегін.
Бұл орталықта мемлекеттік органдардың (сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары және т.б.), Халыққа қызмет көрсету орталықтарының, коммуналдық мекемелердің өкілдері де кеңес береді.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мекенжайы: Көкшетау қаласы, М.Әуезов көшесі, 137
Пікір қалдыру:
Пікірлер: