«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ҚТЖ: тарифтің төмендігі тасымалды тежеп отыр

2017 жылғы 27 Қаңтар
10758 просмотров

Экспорт тасымалдарын уақытында жеткізу үшін локомотив тартымын күшейту қажет

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның басшылығымен теміржол тасымалына қатысты бірнеше өзекті мәселе сөз болды. Жиын барысында «Қазақстан темір жолы» компаниясындағы трансформациялау үдерісі, вагондарды пайдалану және жалға алу нарығында бағаны реттеудің алынып тасталуы, жылжымалы құрамның тапшылығы, әлеуметті маңызы бар жүктерді теміржол арқылы тасымалдау тарифтері, операторлар мен экспедиторлар қызметі талқыланды. Шара аясында теміржол кешенінің 2017 жылдағы тасымал әлеуеті сөз болды.

«Атамекен» ҰКП алаңында Премьер-министрдің орынбасары Асқар Маминнің басшылығымен өткен кезекті шара аясында тасымал тарифтері бойынша бір шешімге келдік, яғни локомотив тартымына баға инфляция түсімінен 7%-дан аспайды деп шешілген болатын. Бүгінгі отырыс жалпы жалпы вагондар, жүк тасымалдары жайында болмақ», – деп атап өтті Юлия Якупбаева.  

Мамандардың айтуынша, локомотивтер мен вагондардың басым бөлігінің тозығы жеткен. Бұл жағдай барлық посткеңестік елдерде орын алып отырған мәселе. Биыл ТМД бойынша 125 мың дана вагон жарамсыз болғандықтан, қолданыстан шығарылмақ. Жүктің уақытында жетпеуінен тыс, бидай өнімдері секілді азық-түлік тасымалдарына үсті жабылатын вагондар, түрлі өсімдік майларына цистерналар қажеттілігі артып отыр.

«Қазақстандағы ең өзекті мәселе вагондардың тапшылығы. Біз Ресей Федерациясымен бірыңғай теміржол кеңістігіндеміз, сондықтан нарықта есемізді жібермеу үшін отандық вагон паркі бәсекелестік ортаға лайық болуы шарт. Ол үшін вагондарды жаңарту қажет», – деді «Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Николай Радостовец.

Болжам бойынша биыл шамамен 7 мыңнан 20 мың данаға дейін вагон жетіспеушілігі орын алады. Қазақстандық теміржол операторлары ішкі және шетелдік тапсырыс тасымалдарын толығымен уақытында орындауға үлгермей жатыр. Мәселен, желтоқсан айында Қырғызстанмен жасалған келісімшартардың тек 30%-ы ғана орындалған. Сондай-ақ, экспедиторлармен 700-дей келісімшарт жасалған, 50-і ғана жүзеге асқан. Металлургиялық өнімді өндірушілер, жалпы тасымалға тапсырыс берушілер де дер кезінде тапсырыс орындай алмауы мүмкін. Осылайша Қазақстанның бұл нарықта тапсырыс берушілерін жоғалтып алу қаупі жоғары.

«Аталмыш мәселе ­– кезек күттірмейтін шаруа. ҚТЖ-ға қатысты ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен «Самұрық Қазына» қоры өзара келісіп, вагондар бойынша айқын болжам жасаса жөн болар еді. Тым болмаса вагондарды жасаушыларға қосымша құн салығы салынбаса, мөлшерлемелері төмен несие қарастырылса дейміз. Үлгі ретінде Ресей Федерациясын назарға алу керек, оларда бәсекелестік орта мен өндірісті қалыптастыру бағытына арналған субсидиялау бағдарламары жолға қойылған. Қазір қолда бар әлеуетті жоғалтпау ләзім», – деді Николай Радостовец.

«2017 жылдың 1 қаңтары көрсеткіштері бойынша Қазақстан жүк вагон паркі 128 мың дана вагон, «Қазтеміртранс» компаниясында 55 мың дана вагон тіркеуде тұр. Парктің 43%-ы бізге тиесілі, қалған 57%-ы жекеменшікте. Қазіргі ережелер жекеменшік операторлардың санын арттыруға жағдай жасап отыр. 2002 жылдан бастап жекеменшік парк 60%-ға өсіп, бұл көрсеткіш белгілі бір нарықты қалыптастырды. Алайда, жекеменшік операторлар болсын, экспедиторлар болсын дұрыс жұмыс істеуді ұмытып қалған, тәртіп жоқ. Айналып келгенде барлығына жауапты ҚТЖ болады. Жүк уақытында жетпесе, тапсырыс беруші мен орындаушы келіспесе, экспедиторлар міндетті орындамаса теміржол тарапы кінәлі болады. Біз қалай жекеменшік операторлардың олқылықтарына жауап беруіміз керек? Құрметті кәсіпкерлер, кіммен жұмыс істеп жатқандарыңызға мән беріңіздер», – деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев.

Сонымен қатар, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті, Ресей мен Белоруссиядан гөрі еліміздің тарифтері әлдеқайда төмен екенін хабарлады. Шара аясында өңірлік Кәсіпкерлер палаталары өкілдерінің тариф-тасымал мәселелері бойынша сұрақтарына «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басшысы Оралхан Құлақов жауап берді.

Кездесуді қорыта келе Юлия Якупбаева жүк тасымалдары қатысушыларының арасындағы қарым-қатынасты реттеу қажет екенін алға тартты. «Бұл үдеріс орындалу үшін жүк тасымалдау саласына бизнес араласуы керек. Ұлттық кәсіпкерлер палатасына келіп түскен сұрақтардың барлығы ҚТЖ-ға жіберіліп, кейін жүйеленген түрде Үкіметке берілетін құжат жобасында көрініс табады», – деп қорытындылады Басқарма Төрағасының орынбасары.

Әлия Кемелбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер